Ресей «Жеңіс күніне» арналған әскери парадта алыстан басқарылатын танкілерін, басқа да бірқатар жаңа соғыс құралдарын көрсетіп, олардың Сүриядағы соғыста сынақтан өткізілгенін мәлімдеді. Айталық, Уран-9 атты танктері зымыран, зеңбірек және пулеметпен жабдықталған. Кеңес одағында қалыптасқан әскери парадта жаңа соғыс құралдарын көрсету дәстүрін Ресей президенті Владимир Путин қайта қалпына келтірді. Бұл BBC назарын аударды.

Қуатты армия Ресейдің ұлттық негіздерінің бірі болып қалыптасып келеді. Дегенмен, BBC-дің пікіріне сенсек, «Қырғиқабақ соғыс жылдарында» Кеңес одағы барлық қаражаттарды әскери қуатқа жұмсай беріп, соңында мемлекет банкрот болған деседі. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ресей армиясы дағдарысқа ұшырап, қорғаныс бюджеті күрт қысқарып кеткен. Путин билікке келгеннен кейін Ресей армиясын заманауи, қуатты күшке айналдырды.

Уран-9 Сүрия жерінде мина тазалау қызметін атқарды. Фото: MIL.RU/FACEBOOK.

Бүгін Мәскеудегі парадта ұшқышсыз ұшақтар, кемеге қарсы зымырандар және жаяу әскерлерге арналған көліктер көрсетілді. Әсіресе, Уран-9 атты танк ресейлік басылымдар жағынан көбірек мақталды. Оның Сүриядағы соғыста жақсы нәтиже көрсеткенін жарыса жазуда. Аталған танк мина тазалау операциясына да қабілетті екені айтылуда. Уран-9 нысананы өзі таба алады, тек шабуыл жасау бұйрығы 3 шақырым қашықтықта орналасқан бас штаб арқылы беріледі. Ол Сүриядағы Деир әз-Зор, Алеппо, Палмира жерлеріндегі соғыста мина тазалау қызметін атқарған. «Газета.ру» басылымы Уран-9-дың көмегімен, Сүриядағы Ресей күштері көздеулі жерге тез жетіп отырғанын жазды.

АМ-1 көліктері. Фото: MIL.RU/FACEBOOK.

Мәскеуде жұртқа көрсеткен әскери техниканың бірі, жаяу әскерлерге арналған АМ-1 мотоциклі. Бұл көліктерге арнайы пулемет орнатылған, сондай-ақ, жаяу әскерге керекті жабдықтары толық. Әсіресе, қарлы далалар мен құмды алқаптарда өз рөлін әйгілейді.

Парадта көрсетілген тағы бір жаңа техника – «Корсар» дроны. Бұл ұшқышсыз ұшу құрылғысы ауа-райының қолайсыз кезінде де барлау жұмыстарын атқара алады. Тіпті алыс аралыққа жүк тасымалдау қабілеті де бар. Сонымен бірге, «Корсар» дронын да зымыран шабуылын жасайтын қабілет те бар. «Корсар» он сағат бойы, 6 шақырым биіктікте ұша алады. Алыс ұшу аралығы 160 шақырымға дейін жетеді. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше Ресейде бұндай дрондардан бірнешеуі бар.

"Корсар". Фото: MIL.RU/FACEBOOK.

Мәскеу кеңістігінде тікұшақтар мен әскери ұшақтарда көрінді. Миг-31 ұшақтары 3-4 ай бұрын әлемге таныс болған «Қанжар» ракеталарымен ұшып өтпек. Путиннің мәлімдемесінде, қорғаныс ракеталарынан жылдам ұшатын «Қанжар» әлемнің ешбір зымыран қорғаныс жүйесіне ұстатпайды және ғаламшардың кез-келген нүктесіне жетеді. Мамандардың айтуынша «Қанжар» осыған дейін Ресейдің «Ескендір» атты зымыранының жаңа үлгісі.

Парад жаңалығының ең көрнектілерінің бірі жаңадан жасалған Су-57 (Т-50 деп те атайды) соғыс ұшағы. Ол осыған дейін Ресей әуе күштерінде ескіріп бара жатқан Миг-29 және Су-27 ұшақтарының орынын алмастырады деп күтілуде.

Су-57 соғыс ұшағы. Фото: MIL.RU/FACEBOOK.

Бір сөзбен айтқанда Ресей Батыс елдерінің экономикалық қысымы астында, өзінің мығым әскери қуатымен азу тісін көрсетпек. Ресейдің әлемге әскери техникаларымен айбар шегуі тек бұл ғана емес, былтыр өткен «Батыс-2017» әскери-оқу жаттығуында да Ресей соғыс қуатын анық байқатқан. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, санкция соққысы жетер жеріне әлі жетіп болған жоқ. Бұл қуатты армияның да бюджеттік дағдарысы көп ұзамай болады дегенді ескертеді.

 “The Qazaq Times”