«Қазақконцерт» өкілдері жеңіс күні қарсаңында ардагерлермен кездесті.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері ассоциацисы, Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы», Астана қалалық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері», «Чернобыль ардагерлері», Қарттар үйі  мен «Шарапат» әлеуметтік қызмет орталығы, «Детская Деревня Астана» және балалар үйінің өкілдерімен кездесті.  Кездесу барысында «Қазақконцерт» өкілдері ардагерлер мен балалар үйі өкілдеріне «Жеңіс туы желбіре» концертіне шақыру ретінде 700 билет табыстады және барша ардагерлер қауымын «Жеңіс күнімен» құттықтады.

Айта кетейік, 7 мамыр күні сағат 19.00  Астана қаласы «Қазақстан» орталық концерт залында  «Жеңіс күніне» арналған қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының қатысуымен және оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін «Жеңіс туы, желбіре» атты концерт өтеді. Жанрлық тұрғыдан ерекшеленетін концертте театр әртістерінің қойылымдары көрсетіледі.

60 жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» МКҰ – Қазақстандағы ең ірі музыкалық ұйымдардың бірі. Бүгінгі таңда «Қазақконцерт» көрікті Астанамен өзінің жаңа белестерін байланыстыра отырып, дәстүр сабақтастығын жалғастырып келеді.

“The Qazaq Times”