Үндістанның Жоғарғы Соты Үкіметке Тәж-Махалдың түсі өзгеруіне байланысты, сәулет ескерткішін сақтап қалудың жолдарын табу үшін шетелдік ғалымдарды шақырып, зерттеу жүргізуді тапсырды. 17-ғасырда ақ мәрмәрдан салынған сарайдың түсі соңғы уақытта сарғыш тартып, қоңыр, сұр түстерге ауыса бастағаны байқалған. Тәж-Махалдың түсінің өзгергенін дәлелдейтін суреттерді Сотқа қоршаған ортаны қорғау мамандары тапсырған. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Жоғарғы Сот өкілдері шетелден мамандар тарту туралы шешімін «Үндістандағы сала мамандары өз тәжірибесін дұрыс пайдаланбай отыр, болмаса Тәж-Махалдың тағдырына немқұрайлы қарайды» деп түсіндірді. Әлемнің әр бұрышынан миллиондаған туристерді тартатын сәулет өнері туындысының түсі өзгеруіне қоршаған ортаның ластануы, жәндіктер мен құрылыс жұмыстары әсер еткен деген болжамдар бар.
Үндістан үкіметі осыған дейін Тәж-Махалға жақын орналасқан зауыттарды жабу туралы шешім қабылдаған болатын. Бірақ қоғам белсенділері бұл шараның Тәж-Махалдың ерекше түсі мен жарқылын сақтауға әсері болмағанын айтады.
Сарай алдындағы Ямуна өзеніндегі қалдық сулар мыңдаған жәндіктердің осы аумақты мекендеуіне жол ашқан. Бұл жәндіктер ескерткіш қабырғасында әртүрлі дақтар қалдырып, мәдениет мұрасының өзгеріссіз сақталуына кедергі келтіріп отыр.
Тәж-Махалды Агра қаласында атақты Жақан шах өзінің жары Мұмтаз Махалға арнап салдырған. 22 жылға созылған құрылысқа 20 мың ұста, шеберлер жұмылдырылған. Шахтың дүние салған сүйіктісіне арналған нысан бүгінде «мәңгілік махаббаттың» символына айналды. ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасына кіретін сарайға күніне 70 мың турист келеді.