Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның басшылары кездесуінде, екі Корея арасында татулық келісімі жасалды. Бұл 1953 жылы түбекті екіге бөлген соғыстан бергі бейбітшілік үшін жасалған ең үлкен қадамдардың бірі деп бағаланды. Екі басшы «татулық декларациясына» қол қойып, түбектің бейбітшілігін сақтау, ядролық қарусыздану ісін жүргізетіндерін жариялады. Ким Жоң Ун болса 1953 жылғы Корей түбегі соғысынан кейін алғаш рет Оңтүстік Кореяға қадам басқан, Корей Халықтық Демократиялық Республикасының лидері ретінде тарихта қалды.
Аталған тарихи оқиға әлем елдері үшін елеулі жаңалық болды. Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн шекара сызығында Ким Жоң Унды күтіп алды. Екі ел басшысын корей халқының дәстүрлі патшаларды күтіп алу салтымен келіссөз сарайына жеткізді. Бұл екі Кореяның бірлігі үшін терең әсер қалдырған көріністің бірі деуге болады. Кездесуде Солтүстік Корея лидері де өзінің шын ниетін танытып, екі елдің жоғары лауазымдыларын бірлікте естелік суретке түсуге ұйымдастырды. Бұған қоса ол «Бейбітшілік үйінде» қонақтарға арналған кітапшаға: «Бұдан кейін тарихтың жаңа парағы ашылады. Тыныштық дәуір орнайды», – деп жазды.
АҚШ тарабы да екі Кореяның татулығын қолдап, бейбітшілікті, келісімді жақтайтынын білдірді. Алдағы уақытта Солтүстік Корея басшысы мен АҚШ президенті кездесетін болады.
Кездесуде қандай мәселелер талқыланды?
Хабарларға қарағанда, ең басты тақырып Солтүстік Кореяның ядролық арсеналы туралы болған. Кездесуден бұрын Солтүстік Корея басшысы еліндегі ядролық полигонды жауып, құрлықаралық баллистикалық зымыран бағдарламаларын тоқтататынын мәлімдеген. Дегенмен, Оңтүстік Корея тарабы келіссөздің сәтті болуына сенім білдірмеген болатын. Себебі, бұдан бұрын да екі Корея арасындағы татулық үшін жасаған қадамдары сәтсіздікпен аяқтап, солтүстік тарабы өздерінің ядролық бағдарламаларын дамыта түскен.
Кездесуде бейбітшілік келісімі мен экономикалық мәселелерді де талқылады. Алайда, екі Корея арасындағы тарихи кездесуде адам құқықтары, азаматтардың еркіндік мәселелері талқыға салынбайтыны анық. Бұл бірқатар шетелдік сарапшылардың наразылығын да тудырды. Дегенмен, қазіргідей оңды өзгерістер тұсында Солтүстік Кореяның режимі мен саясатына сын болып қадалатын бұндай тақырыптар, бейбітшілік процестеріне кері әсер етуі де мүмкін.
«Бейбітшілік декларациясы» бойынша, Корей түбегінің ядролық қарусыздану ісі бір ауыздан мақұлданды. Сонымен бірге екі ел арасында тұрақты байланыс орнатып, түбек тағдырын ортақ шешуге де келісті. Дегенмен, кейбір сарапшылар бұл келісімдер Корей түбегіндегі бейбітшілік процеске оң ықпалына күмәнмен қарайды. Айталық, Америкалық Стратегиялық және халықаралық қатынастарды зерттеулер орталығының Азия мәселелері бойынша сарапшысы Бонни Глэзер VOA-ға берген сұхбатында былай деді: «Бұл декларация екі Кореяның болашақ қарым-қатынастарының дамуына негіз болуы мүмкін. Себебі, екі ел арасындағы бұрын қол жеткізбеген көптеген мәселелер аталған. Алайда, ең маңыздысы ядролық қарусыздану мәселесіне назар аудару керек. Бұл келіссөздің алғашқы қадамы ғана».
Кейбір сарапшылар, Корей түбегі шиеленісінің шешу түйіні АҚШ пен Солтүстік Корея арасында деген ойды да ортаға салады. Олар бұны «Қазіргі жағдайда сақа Трамптың қолында» деген сөзбен бейнелейді. «Ең соңғы шешім Трамп пен Ким арасындағы келіссөзден кейін белгілі болады», – дейді сарапшылар. Солтүстік Корея басшысы ядролық полигонды жауып, зымыран сынақтарын тоқтататынын мәлімдегенімен, ядролық қаруларды жою немесе өткізіп беру туралы айтқан жоқ. Бұл ең күрделі келіссөздерден кейін шешім табатын мәселе.
Мейлі қалай болса да, әлемнің бейбітшілігі мен тұрақтылығы тұрғысынан Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы жаңа қадамдар үлкен оңды өзгерістердің нышаны болып қалды. Қазіргідей әлем абыр сабыр кезеңде 60 жылдан астам уақыттағы кірбеңдікті ұмытып татулыққа ұмтылған корей бірлігі оң бағасын алып отыр.
“The Qazaq Times”