Бірер күн бұрын Түркия соты «Жумхуриет» (Республика) атты оппозициялық басылымының 13 журналисін террорлық ұйымға қолдау көрсетті деген айыппен қамау жазасына кескен еді. Дегенмен, сот істі шешкенше бірқатар журналистер бостандықта болады. Сот үкімінде аталған басылымның қызметкерлеріне, «Күрдістан Жұмысшылар партиясына» және 2016 жылғы әскери төңкеріске қатысы бар делінген, Фетхуллах Гүленнің «Революциялық елдік бостандық майданы партиясына» қолдау көрсеткен делінген.
«Жумхуриет» тәуелсіз басылымының негізі 1924 жылы қаланған. Ол қазіргі кезеңде президенті Режеп Тайып Ердоғанға қарсы оппозициялық бағытты ұстанып, оның саясатын сынға алатын мақалаларды жариялап келген. Сот үкімінде аталған басылымның жұртқа танымал авторлары да бар. Соның бірі журналистік зерттеу жұмыстары жинақталған «Имамның армиясы» атты кітабы арқылы, Гүлен жақтастарының Түркия билігіндегі ықпалын ашып көрсеткен Ахмет Шит. Оған сот тарабы 7 жыл 6 ай қамау жазасын кескен.
Ал бас редакторы Мұрат Сабынчы 7 жарым жылға, бухгалтері Эмре Иперді терроризмді насихаттаған деген айыппен 3 жылға, басылымда жарияланған карикатураларымен танымал болған Мұса Қарт 3 жыл 9 айға, басылымның атқарушы директоры Акина Аталайды 7 жыл қамау жазасына кескен. Аталайдың қамауға алынғанына бір жарым жыл болған. Бұдан өзге журналистер соттың соңғы үкіміне дейін бостандықта болмақ.
Аталайдың журналистерге берген мәліметінің бірінде, билік тараптары «әріптестерін барымтаға алып», басылымды сатуға мәжбүрлеп отырғанын айтқан. Ол сөзінде: «Бұл басылымды ақшаға сатып алуға болмайды. Біздің әріптестер журналистикамен жағалаусудың қандай болатынын көрсететін болады», – деді.
Қазіргі таңда «Жумхуриет» басылымы Түркиядағы оппозициялық бағыттағы санаулы басылымдардың бірі. Түркия үкіметіне сөз бостандығына қысым түсіруде деген айыптар осыған дейін де айтылып келген. Наурыз айында ғана Гүленмен қатысы бар делінген 25 журналистке сот үкімі шыққан болатын. Бұл істі Журналистердің құқығын қорғаушы халықаралық комитет қатаң айыптаған болатын. Аталған комитет мәлімдемесінде: «Түрік билігі журналистиканы терроризмге балағанын тоқтатсын және өз міндетін атқарғаны үшін түрмеге жабылған журналистерді босатсын», – деген.
“The Qazaq Times”