М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнуарбек Молдабековтың 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Театр көктемі - 2018» атты фестивалінің ашылу салтанаты журналистерге арналған пресс-конференцияға ұласты. Оған қазақ театр өнерінің нар тұлғалары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев және театр директоры Асхат Маемиров қатысты.
Баспасөз мәжілісін бастап ашқан Асхат Маемиров сөзінде: «Биылғы театр көктемін Әнуар Молдабековтың 80 жылдығына арнап отырмыз. Әсіресе жас буындар үшін, студенттер үшін, театр сүйер қауым үшін үлкен мереке болғалы тұр. Әнуар Молдабековтың кинодағы төлқұжаты Шегенің рөлі болғандықтан, біз фесстивальді «Қыз Жібек» сазды драмасынан бастағалы отырмыз. Қазылар алқасы жұмыс жасайды. Театрдың ішіндегі фестиваль болғандықтан, Әнуар ағамыздың өмірде де, өнерде де досы болған Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов ағамыз қазылар алқасының төрағасы болады. Қойылымдардан бөлек, «Өзіндік жұмыс» деген болады. Театрдың артистері ізденеді, яғни репертуарлық спектакльдерден бөлек, жас режиссерлардың ізденісінен туған бес қойылым ертеңгі сағат он бірден бастап қойылады», – деді.
Баспасөз жиынында КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері», және театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев Әнуар Молдабековтің өмір мен өнердегі іздері туралы естеліктер айтып, аталған шараның маңызы туралы тоқталып өтті.
Журналистерге арналған баспасөз мәжілісінен кейін, Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанаты болды. Қазақ өнерінің ақсақалдары Асанәлі Әшімов пен Сәбит Оразбаев көрменің лентасын қиып, Молдабеков мұраларын жұртқа ашық деп жариялады. Көрмеден Әнуарбек Молдабековтің жасаған образдар галереясына куә болуға болды. Шын мәнінде қазақ театрының өркендеткен, нағыз алтын дәуірді жасаған алтын тұлғалардың, алпысыншы жылдардағы суреттері менмұндалайды.
Биыл театр музейінің ашылуына 50 жыл толады. Музей 1968 жылы 24 мамырда ашылған екен. Қазір музейде 300 мыңнан астам жәдігер, экcпонаттар бар.
Айта кетейік, өзіндік жұмыста фестивальге қатысушы жас актер, режиессерлер А.Пушкиннің «Тас мейман» трагедиясын, Р.Эрдманның «Өле қалсам қайтеді?!» комедиялық қойылымын, Э.Олбидің «Зоопарк» психофизикалық драмасын, В.Гогольдың «Жындының жазбалары» және У.Шекспирден «Яго» деген атаумен моно қойылымдар қойылады.
Сондай-ақ, театр мен көрермен арасындағы алтын көпір – журналистерге де арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар бар, ол жабылу салтанаты күні табыс етілетін болады.
Мархабат Ілияс