Бүгін Жамбыл облысының аумағында орналасқан "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейінің қарамағындағы "Ақыртас" сарай кешенінде туризмді дамыту мәселелері бойынша БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз конференциясына облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Жиын барысында "Ақыртас" кешенінің және облыс аумағындағы өзгеде тарихи нысандарды туристік орталыққа айналдыру мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысы әкімдігі және "Қазақстан темір жолы" компаниялары үш жақтық меморандумға қол қойды.
Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан "Ақыртас" кешені өз бастауын VIII-XIV ғасырдан алады. Тарихи шаһарды зерттеуге 130 жыл уақыт кеткен. Қазіргі таңда көне шаһардың жанына қаламен аттас "Ақыртас" сарай кешені бой көтерген.