Құрылғанына 69 жыл болғанына қарамастан, НАТО әлі күнге дейін халықаралық айтыс-тартыстардың ошағына айналды және оған мүше елдер арасында да түйіні қиын мәселелер толастар емес.

Осы айда НАТО ұйымының құрылғанына 69 жыл толды. Осыған байланысты одақ та өзінің мерейтойын тойлады. 1949 жылы құрылған НАТО, Кеңестер Одағы қарамағындағы Шығыс қанаты мен АҚШ жетекшілігіндегі Батыс қанатын әскери тұрғыдан бір-бірінен ажыратып, негізгі жұмысын Еуропаның әскери саласын қайта құру мен кеңестік экспансионизмнен қорғанудан бастаған еді. Қырғиқабақ соғысы барысында «бірге қорғану» ұстанымы (одақ келісімшартының 5-бабындағы «мүше елдердің біріне жасалған шабуыл өзге мүше елдердің барлығына жасалған болып саналады» атты тармағына сәйкес) аясында әрекет еткен ұйым, 1990 жылы өзін осы соғыстың жеңімпазы ретінде жариялады. Осы уақыттың ішінде НАТО геосаяси ықпал ету зонасын ақырындап кеңейту арқылы Кеңестер Одағына қарсы әскери, экономикалық және саяси күшін артыруда да жетістікке жете алған еді. Дегенмен, НАТО, өзінің осы 69-жылдығында геосаяси жағдайларға байланысты одақ мүшелерін өзінен «алыстатып» алғандай.

Фото: ntv.ru

1990 жылдардың алғашқы кезеңдерінде Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін НАТО-ның құрылуына себеп болған жайттардың жойылуына байланысты, яғни енді ұйымға қажеттілік жоқ деген сынды жан-жақты айтыс-тартыс орын алса да, ұйым стратегиялық міндетін қайтадан анықтап, геосаяси ықпал ету зонасын Кеңестер Одағының ыдыраған аймағына қарай тарата бастаған еді. Алайда бұл жағдай Ресейдің 2000-жылдары қайтадан аяққа тұруы арқылы Мәскеу мен Брюссель арасында кезекті күрестің пайда болуына жол ашты. Грузия, Украина және Ресейдің қайтадан Шығыс Еуропамен жақындасу стратегиясы ұйымның Жерорта теңізіндегі әскери күшін арттыруына және Сүрия арқылы қол жеткізген жаңа позициясына байланысты, НАТО-ның Ресейге бағытталған стратегиясын қайтадан қарауға тура келді.

Бүгінде Солтүстік Америка мен Еуропаның елдерінен тұратын 29 мүшесі бар НАТО, қазіргі уақыттағы халықаралық саясаттың әлі де болса ең күшті әскери ұйымы саналады. Сонымен қатар оған мүше елдердің жалпы экономикасы әлем экономикасының шамамен 37 трлн. доллардан астам жиынтығын құрайды. НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс шығындары 1 триллион долларды құрайды, оған нақтырақ көз жеткізу үшін НАТО-ға мүше әскери күштерге назар салған жеткілікті.

Осыншама әлеуетіне қарамастан, 69-шы жылының соңында НАТО не үшін айтыс-тартыс ошағына айналды? Неліктен оған мүше елдер арасында елеулі айырмашылық байқалады? Осыларға себеп болған фактілердің НАТО-ның «келешегіне» қатысты пікірталас туындататынын да болжау қиын емес.

Жоғарыда біз атап кеткен, НАТО-ға мүше елдер арасындағы айырмашылық дегенге күні кеше ғана Ресей-Түркия-Иран елдерінің Анкарадағы басқосулары мысал бола алады. Мәселен, ұйым мүшесі Түркия, НАТО үшін әлі де қауіпті саналатын Ресей және ұйымға «еріксіз» түрде жетекшілік етуші АҚШ тарапынан терроризмнен де қауіпті саналатын Иран елдерімен Брюссельді «мүлдем толғандырмайтын» Сүриядағы азаматтық соғысының келешегі туралы саммит өткізді. Бұдан да маңыздысы, НАТО-ның әуе қорғаныс бағдарламасында өзіндік рөлі бар Түркияның ұйымның Шығыс Еуропа қанатының ең қауіпті аймағы саналатын Ресеймен атом электр энергия стансасын салуы. Түркия осы жоба үшін ресми Мәскеумен ынтымақтастығын одан сайын бекіте отырып, Ресейде шығарылған «S-400» әуе қорғаныс техникаларын да сатып алуда. Негізінен, осы аталғандардың бәрі еларалық қарапайым келіссөздер болып көрінгенмен де, қазіргі таңдағы халықаралық саясаттағы геосаяси өзгерісті байқатады. Бұл жағдай НАТО-ның да, оған жетекші елдің де халықаралық әскери салаға, ең ірі әскери ұйымға «басшылық» ету қабілетінің шектеліп жатқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, НАТО-ға мүше елдердің дербес стратегияларынан да сол «басшылықтың» одан әрі жалғасқанын қаламайтындарын байқауға болатын сияқты.

“The Qazaq Times”