Ресей әскерлері Украинаға қарулы шабуылмен басып кіргеннен кейін Финляндия мен Швеция НАТО-ға мүше болуға талпынды. Мәскеу «НАТО-ға мүше болсаңдар әскери әрекетпен жауап береміз» деп қорқытты. Бұл қорқыту солтүстік еуропалық екі екілдің НАТО-ға талпынысын тоқтата алмайтындай.
Осылайша Финляндия ұзақ уақыт сақтаған «нейтралитет» статусынан бас тартып, НАТО мүшесі болу алдында тұр. Бұл үрдіс Ресей мен Филяндия ортасында қақтығыс қаупі жоғарылатып келеді дейтін сарапшылардың реті көбейді. Ал, Финляндияның көптеген азаматтары мен саясаткерлері тіпті соғыс қаупін жоққа шығармайды, әсіресе шекара аумақта соғысқа деген іштей болса да дайындық жасау қалыпты өмір салтына айналғандай. Қарапайым азаматтарға дейін алғашқы 72 сағатқа жететін азық-түліктен тартып, әуе шабуылынан қорғану орындарына дейін дайындап жатыр. Әрине, дәл мұның керісінше соғыстың болатынына сенбейтін финдер де бар.
Қазіргі жағдайға қарағанда Ресеймен шекаралас ел НАТО-ға мүше болмауы керек дейтін Мәскеудің ескі шарты аңыз болып қалатындай. Анығында бұндай шарттың түбіне жеткен тағы сол Мәскеудің өзі, ресейлік агрессияның алдында шағын елдер үшін қуатты әскери алянсқа қосылудан басқа жол қалар емес. Ресей әскері Украинаға қарулы шабуылмен басып кіргеннен кейін Ресейдің солтүстік-батысындағы шекаралас көршісі Финляндия, одан ары жатқан Швецияның НАТО мүшесі болуға кірісті.
Тарихи сабақ
Финляндияның жағдайынан қарағанда, ел экономикасы ресейлік туристерден мол табыс табады, тіпті белгілі деңгейде ресейлік туристерге тәуелді десе де болады. Себебі, елге келген әр үшінші турист ресейлік, олар жалпы туризмнен түсетін табыстың 21 пайызын иелейді. Ал, тұтас ел экономикасында туризмнің алатын орыны маңызды.
Дегенмен, ақпарат құралдарының көбі Филяндия азаматтарында соғысқа деген абыржу мен қорқыныштың байқалмайтынын айтады. Себебі, финдерде Ресеймен соғыстың тарихи тәжрибесі бар. Оларда өз елін қорғай аламыз деген сенім күшті, бұл сенім тарихтағы «Қысқы соғыстан» қалған. 1939 жылы болған бұл соғыста Финляндия өз территориянсының 10 пайызынан айырылды, дегенмен аз ғана әскери күшпен КСРО-ның армиясына төтеп бере алған. «Қысқы соғыста» финдер отанын қорғау үшін асқан қайсарлық пен жанкештілігі арқылы есте қалды, 10 пайыз аумақты басып алғаннан кейін КСРО Финляндияны толық жаулап алудың шығынын есептеп көріп райынан қайтқан деген тарихи болжамдар кездеседі. Бұл және Финляндияның НАТО мен Ресей ортасындағы нейтралды позицияны ұзақ ұстануына түрткі болған тарихи сабақ болған деуге болады.
5,5 миллион халқы бар Финляндия Ресейге қалай төтеп беруі мүмкін?
Финдер Балтық жағалауындағы елдермен салыстырғанда өздерінің тәуелсіздігін өнімді қорғай алған ұлт. Олар КСРО-ның құрамына енбей қалды және 1995 жылы ЕО құрамына кіріп қауіпсіздік бойынша біршама жоғары кепілдікке де жетті. Финляндия өз қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін үнемі сергек әрекет еткен ел, олар әскери қуатқа баса көңіл бөлді және дамыған әскери технологиясы бар елдерден ұдайы озық қаруларды сатып алып отырған. Елде миллиондаған адам әскери дайындықтан өткен, қандай да бір себеппен әскери борыштан жалтаратын азаматтар өте аз, резервтегі әскер саны 300 мыңға жетеді. Тұрақты армияның құрамында 30 мың алам ұдайы қызмет атқарып тұрады. Оған қоса тарихи сабақты ұмытпаған, әлі күнге дейін Ресейге қатысты шектеулер сақталып келеді.