Қазақстан Тәжікстанға «Қайрақ құм» су қоймасының суын тиімді пайдалануға көмектеспек.
Қазақстан Тәжікстанға «Қайрақ құм» су қоймасындағы суды ұтымды пайдалануға байланысты құжат жіберген. Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Рахимзоданың сөзінше, Қазақстан «Қайрақ құм» су қоймасының су ресурстарын ұтымды пайдалануда көмек көрсетуді ұсынған. Оның айтуынша, Қазақстанмен қатар Өзбекстан да «Қайрақ құм» су қоймасына қол ұшын беруге ниет білдірген және осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған.
Сұлтан Рахимзода аталмыш мәселеге байланысты журналистерге берген сұхбатында: «Келісім Тәжікстанның суды сатуын білдірмейді. Қазақстан мен Өзбекстан жазғы уақытта «Қайрақ құм» су қоймасында суды көп жинақтауға көмектеседі. Бұл үлкен қаржыны талап етеді. Астана мен Ташкент бұл қаражатты Тәжікстанға беруге дайын », - деген.
Тәжікстан 2008 жылға дейін су ағынын реттеуде Қазақстан және Өзбекстанмен бірлесіп жұмыс істеп келген. Екі ел де Сырдария суын жинауға қаржылай және техникалық көмек көрсеткен.
"Қайрақ құм" су қоймасы Тәжікстанның Соғди облысы мен Өзбекстанның Ферғана облысының шекарасында орналасқан. Ол Тәжікстандағы ең ірі су қоймаларының бірі. "Қайрақ құм" су қоймасы Сырдария өзенінің ағысын реттеу үшін салынған. Оның құрамына су бөгетінен өзге су электрстанциясы кіреді. "Қайрақ құмға" суды толтыру Кеңес одағы тұсында 1950 жылы басталған.