Лондон қаласының полиция тараулары хабарлама таратып, қаладағы ауыр қылмыс санының күрт артқаны туралы мәлімдеді. Соңғы екі айда Англияның бас қаласында қастандық істері мен адам өлімі көбірек тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша Лондон қаласы алғаш рет Нью-Йорк қаласынан асып түсті. Ұлыбританияның үкіметі аталған мәселеге үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. BBC агенттігі хабарлады.

Үстіміздегі жылдың бас шенінде Лондонда 46 адамның өміріне қастандық жасалған. Осымен бір мезгілде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында бұл көрсеткіш 50 адамды құраған. Алайда, ақпан мен наурыз айларында Лондон қаласында ауыр қылмыстық істер көбейе түскен. Нью-Йоркте бұл  екі айда 32 адам басқалар жағынан өлтірілген болса, Лондонда 37 адамның өміріне қол салынған екен.

Британия мен АҚШ-тың бұл екі қаласын салыстырудағы себеп, екі шаһардың да тұрғындар саны қарайлас – Лондонда шамамен 8,8 млн адам, Нью-Йоркте 8,6 адам. Ауыр қылмыс өткізу көрсеткіші бойынша осыған дейін Нью-Йорк алдынғы орында болып келген. Лондонның қауіпсіздік тарауларының мәлімдеуінше, қастандықпен кісі өлтірудің басым көбі пышақпен жасалған шабуылдардан болған. Бірақ, осы көрсеткіштерге қарамастан, Британияның орталық қаласы әлемдік деңгейде ең қауіпсіз қалалардың қатарында тұр.

Британия үкіметі жасөспірімдер арасындағы пышақ арқылы қол салу және басқа да қылмыстарды болдырмау мақсатында қоғамдық жарнамалар таратуда. Бұл үшін үкімет тарабы 1,8 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген.

Әлемге танымал алып шаһардың бірі Мәскеуді айта кетер болсақ, 2018 жылдың алғашқы екі айында бұл қалада 44 адамға қастандық жасалған. Дегенмен, мәліметтерге жүгінсек Ресейдің бас қаласында қастандықпен кісі өлтіру істері жылдан жылға азайып бара жатқан көрінеді. Айталық, 2010 жылы 582 қылмыстық іс тіркелсе, 2013 жылға жеткенде 379 адам, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 315 адамға дейін азайған. Мәскеуде шамамен 12,5 млн тұрғын бар.

 “The Qazaq Times”