Соңғы бірнеше күннен бері АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлем ақпарат кеңістігінің ең басты тақырыбына айналды. Трамп өзінің «алғашқы оғын атқанын» мәлімдегеннен кейін, Бейжің тарабы мәлімдеме жасап, оның салдарынан қорықпайтынын, «соңына дейін сынасып көретінін» жеткізді. Әлемдегі екі ірі экономиканың арасындағы теке-тірес әлем назарын өзіне аударуда. Әрі екі ірі экономика арасындағы тірес қор нарығын жаңа күйге түсіріп, қаржы алыптарын шатастыруы мүмкін деген болжамдар жасалуда. Олай болса, шынында сауда соғысы деген не? Қаржы алыптары неден алаңдап отыр? Сауда соғысы Трамп айтқандай «оңай» әрі «тез жеңіске жететін іс» пе? Әлемнің ірі ақпарат құралдарына шолу жасай отырып, осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
1. Сауда соғысы деген не?
Аты айтып тұрғанындай, сауда соғысы – сауда қатынасындағы екі елдің бір-бірімен сауда шарттары арқылы күресуі. Бұл соғыстың басты қаруы кеден салығы мен импорт-экспорт квоталары. Айталық, бір ел сауда тарифтерін көтереді, екіншісі осыған ұқсас жауап қайтарады. Саудадағы кеден салығы арқылы жасалған соққылары бір-бірінің экономикасына зиян келтіруі, тіпті екі ел арасындағы саяси шиеленісті күшейтуі мүмкін.
2. Кеден салығы деген не?
Елге кірген тауарға салынатын салық. Теориялық тұрғыдан, кеден салығы салынған халықаралық сатып алуға дайын екенін көрсетеді. Себебі, көп жағдайда кеден салығы ел ішіндегі салықтан жоғары болады. Барлық кеден салығының мақсаты – адамдарды отандық өнімді сатып алуға шақыру, ұлттық экономиканы қолдау.
3. Трамп неліктен мұндай қадамға барды?
Трамп Қытаймен арадағы тиімсіз сауданы қысқартқысы келді. Ол президент сайлауынан бұрын да Қытайды әділетсіз сауда саясатын жүргізіп отырғанын айтып айыптаған. Президент болып сайланғаннан кейін Трамп бұл мәселені өз билігінің басқы бағыты етіп белгіледі. Ол Қытайдың қазіргі сауда тәсілі америкалық өндірісті тұншықтырады деп қарайды. Трамп өзінің сауда саясатын жүзеге асыру үшін Құрама Штаттағы өңдеуші өнеркәсіп өкілдеріне қолдау көрсетуі де мүмкін.
4. АҚШ-Қытай арасындағы тиімсіз сауда жағдайы шынында ауыр ма?
Тиімсіз сауданы сауда тапшылығы деп те атайды. Бұл бір елдің импорт пен экспорты арасындағы айырмашылықты өлшем етеді. Өткен жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тапшылығы 375 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл АҚШ экономикасын өркендетуді мақсат еткен Трамп үшін тым бақытсыз жағдай екені анық. Трамп бұндай көріністі ұнатпағанымен, сауда тапшылығы толықтай жаман нәрсе де емес. Соңғы бірнеше он жылда дамыған елдер өнеркәсіптік экономикадан сервистік экономикаға өтті. 2017 жылы АҚШ-тың қызмет көрсету саласының экспорттық жалпы көлемі 242,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл банк, қаржы, туризм және басқа да салаларды өз ішіне қамтиды. Қызмет көрсету саласы АҚШ экономикасының 90 пайызын құрайды. Ал Қытайдың қызмет көрсету саласының жалпы құны бұнымен салыстыруға келмейді.
Сондықтанда Трамптың сауда тапшылығын болдырмауға барын салуы күшті қолдауға ие бола қоюы екі талай. Сарапшылардың пікіріне қарағанда Трамп үкіметі протекционизмге, яғни ұлттық экономикасын қорғауға ұмтылады.
6. Протекционизм пайдалы ма?
Пайдалы деуге болады АҚШ-тың болат өнеркәсібі сұраныстың артуына байланысты табысы арта түсті. Өз өнеркәсібін қорғау АҚШ-қа жұмыспен қамту және экономиканы ілгерілету үшін пайдалы болуы мүмкін.
Дегенмен, тағы бір қырынан алып қарағанда, болат пен алюминий өндіруші америкалық кәсіпорындар өздерінің шикізаттық шығынын арттырып жіберді. Айталық, автокөлік, ұшақ өндірушілерде бағаны көтеруіне тура келеді. Соның салдарынан елдегі тұтынушылар зиян шегуі мүмкін. Мысалы, АҚШ-та автокөлік, ұшақ және ұшақ билеттерінің бағасынан тартып, басқа да механикалық өнімдер, тіпті сыраның да бағасы шарықтап кетуі бек мүмкін. Себебі, сыра құтылары да металлдан жасалады.
7. Кеден салығы өзіне кері әсер алып келуі мүмкін бе?
Кеден салығы, сауда тарифтерінің өсуі сауда байланысындағы барлық елдерге әсер етуі, соның салдарынан ол АҚШ-қа кері әсермен айналып соғуы мүмкін. Әсіресе Қытай бұған жауап ретінде шара қолдануға дайындалып отыр. Айталық, Қытай АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп өнімдеріне салық салуды жоспарлап отыр. Бұл соя бұршақ, ет өнімдерінен тартып, ұшақ, автокөлік, кеме өнімдерін де өз ішіне қамтиды әрі оның ықпалы аса жоғары болады. Тіпті, теориялық тұрғыдан Қытай тарабы Apple компаниясы секілді технология өндірушілеріне шектеу қоя алады. Бұдан Apple компаниясы және оның алармандары зардап шегеді.
Егер, АҚШ-тың болат өнімдеріне жаңа салығы Еуропалық Одақ, Аргентина, Аустралия (Австралия), Бразилия, Канада, Мексика және Оңтүстік Кореяны да қамтитын болса, жаһандық сауда соғысы барлық тұтынушыларды зақымдауы мүмкін.
8. Еркін сауда қатынасы пайдалы ма?
Еркін сауда протекционизмнің қарама-қайшы. Яғни, тариф төменірек, адамдарға арзан, жақсы өнімдерді кез келген жерден сатып алуға еркіндік береді. Ал, шығындарын азайтуға тырысатын өндірушілер үшін бұл тиімді деуге келмейді. Негізінен жекелеген сіз бен біз секілді жекелеген тұтынушылар үшін, еркін сауда қатынасы әлемнің әр елінің өнімдерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Бірақ, еркін сауда қатынасының енді бір қырына үңілетін болсақ, өндірушілер мен тұтынушылардың отандық өнімді пайдалануын азайтады. Бұл әсіресе дамыған елдердің жұмыс орындарын қысқартып тастайды. Себебі, дамушы елдердің салыстырмалы арзан өнімдер дамыған елдердің өндірісін тұншықтыра түседі. Оның соңғы жұмыссыздық пен экономиканың құлдырауына әкеліп соғады.
9. Бұл сауда соғысының жеңімпазы кім болмақ?
Трамп сөзінде: «Сауда соғысы жақсы іс, тез жеңіске жетуге болады», – деді. Бірақ көптеген экономистер мен сарапшылар бұл пікірмен келісе бермейді. Олардың айтуынша, егер ауқымды сауда соғысы басталса барлық тұтынушылар зиян шегеді және АҚШ-тың өзі де шығынға батады.
АҚШ Сыртқы қатынастар қауымдастығының аға кеңесшісі Эдвард Алден бұл туралы пікірінде: «Егер сауда соғысында азырақ жарақат алушы деген бағалау болса АҚШ-ты айтуға болар еді. Бірақ, ауқымды сауда соғысының жеңімпазы болмайды», – деген ойын айтады.
Қытайдың бұрынғы экономика министрі Лу Живей пікірінде: «Сауда соғысы екі тарапты да бірдей шығынға ұшыратады. Айталық соғыста жаудың мың адамын жою үшін өзің 800 адамды құрбан еткенмен бірдей», – деп бағалаған.
Жеңімпазды анықтау үшін Трамп үкіметінің жаңа салық жоспарын толықтай сараптап шығуға тура келеді. Демек, бұл өз алдына үлкен тақырыпты, ауқымды мақалаға жүк болмақ.
10. Соғыстан кейін әлем қандай күйде болмақ?
Бұл сұраққа келгенде әлемдік экономика мен саясаттың сарапшы мамандары да тосылады. Олар сауда соғысынан кейінгі әлемнің экономикалық жағдайын тап басып айтып беру қиын екенін алға тартады.
Алдағы екі апта ішінде АҚШ Сауда департаменті жаңа тарифтің тізіміне енген өнімдерді жария етеді және 30 күннен кейін жүзеге асырыла бастайды. АҚШ-тың нақты шараларынан кейін, Қытай тарабы да оның жауабын дайындауға кіріседі. Көптеген тараптар Трамптың бұл саясатына қарсылық танытуда. АҚШ-та Республикашылдар партиясы Трамптың кезекті қадамына қарсылығын толассыз білдіріп келеді.
Қытайдың бұрынғы экономика министрінің болжамына сенсек, сауда соғысының алғашқы соққы алмасуынан кейін АҚШ-Қытай арасында даулы келіссөздер процесі басталуы мүмкін. Батыс елдерінің де көптеген экономистері де АҚШ пен Қытай арасында сауда келіссөздерін жүргізіп, сауда проблемаларын қайталай шешуге, кедергілерді ортақ шешуге тырысуын үміт етіп отыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Трамптың сауда соғысына деген ынтасы, Қытайды келіссөзге мәжбүрлейді.
Тіпті кейбір сарапшылар сауда соғысы ядролық қарумен бірдей деп бағалаған. Ешкімде оны пайдаланғысы келмейді, сондықтан Қытай мен АҚШ та терең қарсыластыққа кете қоймасы анық деген болжамдар айтады.
Бірақ, Трамп президент бола салысымен TPP-дан шығып кетті және ДСҰ-ны ауыр сынның астына алды. Сондай-ақ, Солтүстік Америка Еркін Сауда кеңесін қайта жолға қойды, тағысын тағы... Бұл жолы да Трамптың нақты қадам жасамасына кім кепіл? Оны ешкім тап басып айтып бере алмайды.
Бірақ, бір анығы – егер АҚШ пен Қытай сауда соғысында бетпе-бет кездессе, оның әсері екі елдегі тұтынушыларға ғана емес, әлемнің көптеген еліндегі тұтынушыларға ықпал етеді.