ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің басшыларымен іскерлік кездесу басталмай тұрып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттерімен және Түркіменстанның мәжіліс төрағасымен екі жақты келіссөз жүргізді.
"Қазақстанға қош келдіңіздер(...). Соңғы кездесуімізден кейін барлық мәселелер шешілуде, бізде "Жол картасы бар", сауда жақсарып келеді. Болашақта да бәрі жақсы болады деп ойлаймыз", - деді Назарбаев Қырғызстан президенті Сооранбай Жээнбековпен кездесу кезінде.
Президенттің сөзінше, бүгін бес елдің басшылары түгел кездесіп, ішкі мәселелерді талқылайтын болады.
"Олар экономика, инфрақұрылым, логистика және басқа да мәселелер. Мұның бәрін шешуге біздің мүмкіндігіміз болады. Орталық Азиядағы мәселелерді шешу үшін біз үшінші тарапты шақырмаймыз. Біз өз халқымыз үшін жағдай жасап, өз мәселелерімізді шешу үшін кездесіп отырмыз. Басқа мақсатымыз жоқ", - деді президент.
Сондай-ақ, ҚР президенті Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевпен де кездесті.
"Жыл ішінде үлкен жұмыс атқардық. Көршілермен қарым-қатынасты реттедік, ондаған жыл бойы шешілмеген мәселелерді шештік. Тіпті көңіл-күй де өзгерді", - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының саммиті басталады. Бұл бас қосуға Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев бастамашы болды.