"С5+1" ынтымақтасық жоспары біраз уақыт жұмыс істеуі мүмкін, бірақ оның нәтижесі қарапайым болады. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың Ресей мен Еуразия жөніндегі кеңесшісі болған, Kissinger Associates компаниясының директоры Томас Грэм осылай мәлімдеді, деп хабарлайды "Евразия Эксперт".

Америкалық саясаттанушының сөзінше, "С5+1" форматы - АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараларының бірі. Әрі бұл формат "аймақ елдерінің проблемалары ұқсас, олардың  экономикалық дамуы халықтың әрбір елге емін-еркін кіре алуымен және мемлекеттер арасындағы ақпарат пен тауар алмасу арқылы ұтымды болып отыр" деген пікірге негізделген.

"Формат біраз уақыт жұмыс істеуі мүмкін, бірақ оның нәтижесі қарапайым болады. Орталық Азия қазіргі кезде АҚШ-тың басты мақсаттарының бірі емес", - дейді Томас Грэм.

Айта кетейік, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапарламастан бұрын Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "С5+1" жобасы Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты бұзуға бағытталған" деген пікір білдірген еді. Ал Грэм болса "Ресейдің бұл қорқынышы орынсыз, АҚШ Орталық Азия елдерінің егемендігін қолдайды және осы елдерді әлемдік экономикаға интеграцияланғанын қалайды" деген пікір білдірді.

"Дегенмен Уашингтондағы кейбір күштер Мәскеуден өңірлерді тартып алғысы келетін шығар, бірақ АҚШ бұған аса күш жұмсамайды. Бұл өңірлердегі Қытайдың белсенділігі Еуразиялық экономикалық одақ саясаты немесе "Бір белдеу, бір жол" стратегиялық бағдарламасының үйлесуіне қарамастан Ресей үшін әлдеқайда қауіпті. ЕАЭО - протекционизмге негізделген экономикалық даму бағдарламасы, ал қытайдың бастамасы Еуразия аймағындағы экономиканы интеграциялауға бағытталған. Бұл бір-біріне қарама-қарсы мақсат", - дейді ол.

Америкалық саясаттанушының сөзінше, Орталық Азия мемлекеттері, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан өз аймағында АҚШ-тың ықпалы болғанын қалайды.  Себебі аталған елдер Қытай мен Ресей сияқты көрші державамен жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан, АҚШ оларға маневр үшін үлкен мүмкіндік береді.

"АҚШ бұл өңірден кетпейді, әсіресе Ауғанстандағы өзінің әскери операциясын аяқсыз қалдырмайды. Алайда бұл аймақта Америка белсенділігінің арта қоюы екіталай. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік жөніндегі америкалық ұстанымға кірмейді", - дейді ол.

Айта кетейік, 16 қаңтарда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамп Уашингтондағы кездесу кезінде  "С5+1" сынды өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы проблемаларға назар аударуға дайындықтары туралы пікір алмасқан еді.

“The Qazaq Times”