Бүгін Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтеді. «Астана саммиті өтеді» деген ақпарат тараған күннен бастап, осы уақытқа дейін көпшілік жұрт бес жақтық бас қосудан не күтуге болады? Бұл интеграциялық жобалардың бастауы бола ала ма? Орталық Азия одағы құрыла ма? - деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Осыған байланысты бүгін біз де бұл тақырыптан айналып өтпей, сарапшылар пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қазақстандық сарапшы Сұлтанбек Сұлтанғалиев: «Орталық Азия елдері басшыларының саммиті аймақ елдері үшін өте қажет. Себебі бұл келіссөздер жүргізетін алаң. Жалпы, Өзбекстан мен Қырғызстанда биліктің ауысуымен аймақта айтарлықтай өзгерістер мен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан қарым-қатынасында жағымды жаққа қарай трансформация болды. Бірақ, бұл саммиттен Орталық Азия одағын құру сияқты дүниелерді күтудің қажеті жоқ. Неге дейсіздер ғой? Біріншіден: Аймақта Қазақстан мен Қырғызстан мүше Еуразиялық экономикалық одақ пен саммитке қатысушы төрт мемлекет кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымы бар. Екіншіден: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше. Сол себепті қазіргі уақытта Орталық Азия елдеріне одақ құрудың қажеті шамалы. Оның үстіне бұған дейін құрылған «Орталық Азия экономикалық қауымдастығы», «Орталық Азия бірлестігі» ұйымдарының құрдымға кеткенін қосыңыз. Бұл жерде барлығы тек мемлекет басшыларының саяси бастамасына байланысты емес. Орталық Азия елдері басшыларының бұл жолғы саммиті аумақтық одақтың немесе біріккен бағдарламалардың бастамасы бола ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді».
Ресейлік саясаттанушы Александр Князев: «Астана бас қосуы бұл мүдделер клубы және оған аймақ басшыларының қатысу, қатыспауы да президенттердің мүдделеріне байланысты. Мысалға, Түркіменстан президентіне ресми Душанбе мен Бішкектен немесе Қазақстан мен Өзбекстан басшыларымен кездесудің қажеті шамалы. Қазір Түркіменстан үшін инвестор тарту, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу маңызды. Бұл бағытта Орталық Азия елдері оған көмектесе алмайды. Сол себепті Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың Астанаға баруына ешқандай негіз жоқ. Оның үстіне Астана саммитімен қатар Ашхабадқа Иран президенті келеді деп күтілуде. Дәл осы жерде Бердімұхамедов үшін өте маңызды келісімдердің кілті жатыр. Ол осы кездесуде Теһранмен арадағы дауды шешіп, газ тасымалын қайта жандандыруы тиіс».
Қырғызстандық саясаттанушы Марс Сариев: «Бұл жолғы бас қосу үлкен маңызға ие. Орталық Азия елдері басшыларының саммиті кеңесу, пікір алмасу форматында болғанымен болашақта жүзеге асырылатын біріккен интеграциялық жобалар дәл осы саммитен бастау алады. Қазір Орталық Азия көшбасшылары Қазақстан мен Өзбекстан. Олар бұл мәселеде модераторлықты өз қолдарына алды. Қазақстан мен Өзбекстан арасында бәсекелестік жоқ. Қос тарапта біріккен жобалар арқылы ғана дамуға болатынын түсінді. Ал Түркіменстан президентінің саммитке қатыспауы АҚШ пен Ресейдің Орталық Азия үшін күресіне байланысты. Бұл мәселеде Құрбанғұлы Бердімұхамедов тепе-теңдік сақтауға тырысуда. Саммитті Астанада өткізу арқылы аймақ басшылары Орталық Азияны әлемдік субьект ретінде көрсеткісі келеді. Бердімұхамедов бұны түсініп отыр. Бірақ ол Мәскеу мен Уашингтон арасында қалғысы келмейді. Себебі Түркіменстанға Ауғанстан тарапынан төнетін қауіптің бетін қайтару үшін Ресей қару-жарағы ауадай қажет».