БҰҰ Шри-Ланкада мұсылмандарға қарсы жасалып жатқан күш көрсету әрекеттеріне алаңдаулы. БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Стефан Дуярич баспасөз брифингінде ұйымның Шри-Ланкада болып жатқан жаппай күш көрсету оқиғаларын елеусіз қалдырмайтынын әрі оған көз жұма қарамайтынын мәлімдеген.
Шри-Ланка үкіметінің осы келеңсіздікті жойып, елде тұрақтылықты сақтау мәселесіне қатысты істерін құптайтынын айтқан Дуярич, Шри-Ланка халқына өздерінің ұлтаралық ерекшеліктерін екіжақты мәмілеге келу арқылы реттеуді ұсынды.
Ол БҰҰ Бас хатшысының саяси істер жөніндегі көмекшісі Джеффри Фелтманның жұма күні Шри-Ланкаға үш күнге іссапармен баратындығын және іссапардың елде төтенше жағдай жарияланбай тұрып жоспарланғанын да атап өтті. Төтенше жағдай туралы айтар болсақ, Шри-Ланка президенті Майтрипала Сирисена Кандидегі оқиғалардың өзге жерлерде де қайталануына алаңдап, мұсылман тұрғындарға көшеге шығуға тыйым салып, сейсенбі күні аймаққа 10 күнге төтенше жағдай енгізген еді.
Шри-Ланкадағы Адам құқықтары және ерттеу орталығының басшысы Кирти Теннакун аталған оқиға салдарынан мұсылман тұрғындарға тиесілі 11 дүңгіршек пен үйлердің отқа оранғанын хабарлады. Шри-Ланкада халықтың шамамен 75%-ы буддизмді ұстанушы сингалдықтар болса, мұсылмандардың үлесі 10%.
Естеріңізге сала кетсек, Шри-Ланкада мұсылмандар мен буддистердің арасында бірнеше күннен бері қақтығыс болуда. Негізі бұл қақтығыс соңғы жылдары жиі-жиі төбе көрсетіп жүрген-ді. Кейбір буддистік ұйымдар "мұсылмандар өзге діндегі адамдарды өз діндеріне күштеп қабылдатқызады әрі буддистердің археологиялық ескерткіштерін аяқ асты етуде" деп айыптайды. Сондай-ақ кейбір буддистер Мьянмадан Шри-Ланкаға көшкен мұсылман-босқындардың да келулеріне қарсылық көрсетіп отыр.