"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақы төлеу жүйесі осы жылдың екінші тоқсанына іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін үкімет жиынында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
"Басты мәселелердің бірі - республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ақы төлеу жүйесін енгізу. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында министрлік Астана-Теміртау, Алматы-Қапшагай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақы төлеу жүйесінде құрылыс-монтаждық жұмыстарын жүргізуде. Жүйені іске қосу биылғы жылы екінші тоқсанына іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5,5 мың шақырым болатын 13 учаскеде ақы алу жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оның ішінде "Батыс Еуропа- Батыс Қытай" дәлізі де бар", - деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің сөзінше, бұл жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизм арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Биыл осы жылдың екінші жартысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жасалып, 2020 жылға дейін ақылы жолдарды 6,5 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.