Түркия ресмилері көптен бері АҚШ-ты Сүриядағы кейбір террорлық топтарға қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Әсіресе, Анкара билігі Сүриядағы YPG қарулы топтарын Түркия жеріндегі PKK (Күрд қарулы топтары) ұйымының жалғасы деп қарайды. Әрі, АҚШ-ты YPG қарулы топтарын қару-жарақпен қамдаушы деп көрсетеді. Ресей де бұл мәселеде Түркиямен ұқсас ұстанымда. Бұл туралы «Анадолы» ақпарат агенттігі хабарлады.
Ресей қауіпсіздік күштерінің мәліметінде Сүриядағы YPG бақылауындағы аймақта АҚШ-тың 20 әскери тұрағы бар делінген. Ресей Қауіпсіздік комитетінің хатшысы Александр Венедиктов мәлімдемесінде: «АҚШ террорлық топтарды заманауи қарулармен қамдады. Бұл Түркияның Африн аймағында әскери операция жүргізуіне себеп болды», – деді.
Дегенмен, Түркия мен Ресейдің бұл айыптауын бір жақты қолдау қиын. Себебі, YPG ұйымы туралы әлем елдері әр түрлі көзқараста. Бұл топ күрд қарулы жасақтарынан құралған, толық аты – Халықтың өзін қорғау армиясы деп аталады. Түркия, Ирак және Ресей елдері аталған ұйымды террорлық топ деп таныған. Ал, АҚШ бастаған коалиция YPG тобын ДАИШ-пен күрестегі одақтасы ретінде қарады. Әрі, YPG-ге қару-жарақ беріп, Сүриядағы «Ислам мемлекеті» ұйымын жоюға шақырды.
Бұдан бұрын YPG ұйымындағы қарулардың тек АҚШ-тан келмегенін, халықаралық коалицияға мүше 17 елдің қару-жарағы бар екені де айтылған. Қалай болса да YPG тобының жаңа қару-жарақтары Африн аймағындағы Түркия қарулы күштеріне үлкен кедергі болды. Түркияның мақсаты Сүрияның солтүстігіндегі аймақты қарулы топтардан тазартып, Сүрия босқындарын елінен шығарып салу.