2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 1543,3 шақырым жол мен 19 көпірдің жөндеу жұмыстары басталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде 762,2 шақырым жол мен 19 көпір пайдалануға берілді. Ал қалған 781,1 шақырым жол биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан ақпарат бойынша, бұған облыстық бюджеттен 27 млрд. 269,2 млн теңге бағытталса, облыстық маңызы бар 51 нысанға 6,5 млрд теңге, аудан, қала әкімдіктеріне 417 нысанға 9,8 млрд теңге және Шымкент қаласының 112 нысанына 10,9 млрд теңге бөлінген.
Облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 20 928,9 шақырымды құрайды. Оның 837 шақырымы республикалық, 4261,2 шақырымы облыстық, 1 642,7 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.
Сондай-ақ, Шымкент аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 410 көпір бар. Оның 291-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, 119 көпір жөндеуді қажет етеді. 2017 жылы соның 19-ы күрделі жөндеуден өткен. Оған қоса, 24 көпірде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттама әзірленуде. Қалған 77 көпір кезең-кезеңімен тиісті құжаттар әзірленіп, қалпына келтірілетін болады.