Қытай Коммунистік Партиясы (ҚКП) елдің Конституциясына өзгеріс енгізуді ұсынып, қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиңнің мәңгілік билік құруына жол ашты. ҚКП-ның аталған шешімін жексенбі күні қытайлық ресми БАҚ көздері мәлімдеді. Онда ҚХР басшысының өкілетті мерзіміне конституциялық шектеулерді алып тастау туралы айтылған. Бұл Қытайдың бір адамның билігіне бағынуға бір қадам жақындай түскенін білдіреді.

ҚКП-ның бұл қадамы 1976 жылы Мау Зыдоң (Мао Цзедун) өлгеннен кейін орнатылған билікке бақылау теңгерімін бұзатыны анық. Тіпті бұдан кейінгі билік алмасулар кезіндегі ішкі тартысты күшейтіп жіберуі де мүмкін. Енді бір аптадан кейін өтетін Халықтық конгресс (халық құрылтайы) кезінде Конституцияға өзгеріс енгізу ұсынысы жүзеге асады деп күтілуде. 1976 жылдан қазірге дейін Қытай басшылары елді бес жылдан екі кезек басқарып келді. Соңғы айларда Ши Жинпиң Қытай ішінде теңдессіз беделге ие болды. Конституциялық өзгеріс жасайтын болса екінші өкілетті мерзімі аяқталғаннан кейін де жалғасты ел билеуіне болады.

Шын мәнінде қазіргі Қытай басшысының бұл ойы қазан айында өткен ҚКП құрылтайы кезінде де анық байқалған. Сол кезде дағды бойынша ол өзінен кейін билікке келуі мүмкін деген адамдарды көрсетпеді және ҚКП тарихындағы теоретик ретінде бағаланып, «Ши Жинпиң идеясы» ҚКП жарғысына енді. ҚХР басшысындағы ең маңызды билік тізгіні болса ҚКП-ның бас хатшылығы. Жетекші партияның тізгінін ұстағаны Қытай Халық Республикасының тізгінін ұстағаны болып саналады. Аталған қадамнан көрінгендей, Ши партияның өз ішінде де билікті ұзағынан ұстауға ниет еткені байқалады. Жексенбі күні Қытайдың ресми БАҚ-тары бұл ұсынысты Ши Жинпиң де оң бағалап отырғанын айтты. Елдегі телеарналар ол туралы үгіт-хабарларды көбірек таратты.

АҚШ-тағы The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Қытай үкіметінің ресми өкілі және бұл ұсынысты жасаушылардың бірі Ши Жинпиң Мау Зыдоңға ұқсағысы келеді деген пікірін білдірген. Сонымен бірге, қытайлық бірқатар саясаттанушылар бұл қадамның ішкі келіспеушілікті күшейтіп жіберуі мүмкін деп есептейтінін айтады.

Ши Жинпиң билік басына келгеннен бері жүргізген кейбір саяси реформалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Қытай бюрократиясының наразылығына ұшырамай қалмады. Десе де ол өзінің саяси қарсыластарын жемқорлыққа қарсы күрес арқылы жеңіп шықты.

ҚКП-ның кезекті бастамасы Қытайда ауқымды өзгерістер жасап, елдегі саяси жағдайды осыдан 40 жылдай уақыт бұрынғы Мау дәуіріне көбірек ұқсатып жіберуі мүмкін. Қазір Қытай экономикасы айтарлықтай жоғары деңгейдегі даму көрсеткішінде тұр және әлемдік экономикамен тығыз байланыста. Соған қоса, Қытайдың ішкі қоғамында азаматтардың жеке еркіндікке деген ұмтылыс белгілі бір деңгейде қалыптасып келеді.

Бұрынғы венчурлық капиталистер белсендісінің бірі Уаң Гоңчуан өзінің Вичат (Wechat желісінде пікір білдіріп, ҚХР төрағасы бұл бастаманы кері қайтарады деп үміттенетінін айтқан. Оның ойынша, ел төрағасының өкілеттілік мерзімінің ұзаруы қытайлық саяси мәдениеттің нашарлауы болып саналады. Қытайдағы әлеуметтік желі тұтынушылары соңғы кезде парақшаларына ертедегі Қытай корольдерінің тонын киген Винни Пухтың (мультфильм кейіпкері) суреттерін көптеп шығаруда. Себебі қытайлықтар осы бір мультфильм кейіпкерін Қытай басшысы Ши Жинпиңге ұқсатады.

Кезкті ұсныс қабылданса бұл 1982 жылдан бергі бесінші реткі конституциялық өзгеріс болмақ. Ұсыныс сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді бақылауға арналған өкілеттігі зор комиссия құруды да алға тартқан. Ол Жемқорлыққа қарсы ұлттық агенттік деп аталады. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл комиссия Ши Жинпиңнің саяси қарсыластарымен және орталық үкіметтің саясатына кедергі келтіретін үкімет қызметкерлерін тізгіндеуге мүмкіндік бермек екен. Бұл комиссияның қарауылына көбінде кіші деңгейдегі үкімет кадрлары ілінуі мүмкін.

Жақында, Қытай басшысы өзінің сенімді адамы Уаң Чишанды құзіретті билікке қайта тағайындап, ең маңызды саяси мәселелерді шешуді тапсырды. Қытай билігінің ішіндегі ауқымды өзгерістер көп нәрседен хабар береді. Ши Жинпиң билік дәуірі Қытайды үлкен бұрылысқа бастағаны анық. Дегенмен, бұл бұрылыстың болашағын болжау қиын.

“The Qazaq Times”