Иракта «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қатысы бар 15 түркиялық әйел өлім жазасына кесілді – деп хабарлайды Неміс толқыны ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, Бағдат қаласының соты 25 ақпан күні «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қатысы бар 15 түркиялық әйелді өлім жазасына кесіп, біреуін өмір бойы бас бостандығынан айырған. Тергеу жұмыстары барысында 20 мен 50 жас арасындағы әйелдердің «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының қатарына күйеулерімен бірге еріп келгендігі анықталған. Ұсталған 16 әйел осы уақытқа дейін «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының содырларына лаңкестік шабуылдар жасауға көмектесіп келген.
Ирак құқық қорғау органдары осы уақытқа дейін ел аумағынан террорлық ұйымдарға қатысы бар өзге елдерден келген 509 әйел мен 813 баланы ұстаған. Тексеру барысында олардың 300-ге жуығы түркиялық әйелдер мен балалар екендігі анықталған.