Жақында БАҚ беттерінде Алматы қаласында ұсталған Қырғызстан Жоғары Кеңесінің депутаты Дәмірбек Асылбекұлының Қазақстан азаматтығын алғандығы жөнінде ақпарат тарады. Бұл қоғамда қызу талқыланып, Қырғызстан сыртқы істер министрлігі аталмыш жағдайға байланысты түсініктеме беруден бас тартты. Осыған орай бүгін біз қос азаматтық алған Қырғызстан саясаткерлерінің тізімін жариялауды жөн көрдік.
Дәмірбек Асылбекұлының дауына дейін Қазақстан мен Қырғызстан халқының назарын өзіне аудартқан оппозициялық саясаткер Өмірбек Бабанов болды. Оның Қазақстанға қатысты дауы 2007 жылы басталған. Дәл осы жылы Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы Бабановты «Қазақстан азаматы» - деп танып, сайлауға жібермей қойған. Кейіннен Бабановтың азаматтығы жөнінде БАҚ өкілдері мен саясаткерлер 2010, 2015 жылдары өткен парламент сайлауларында да жарыса жазған, айтқан, көрсеткен. Алайда бұның барлығына қарамастан Бабанов парламентке өтіп кеткен. Тіпті біраз уақыт премьер-министр де болған. Бірақ 2017 жылғы президент сайлауында Қырғызстанның аты шулы экс-президенті Алмазбек Атамбаев Өмірбек Бабановты «Қазақстанның жандайшабы» - деп атап, Назарбаевпен кезесуін қатаң сынға алған. Осыдан кейін Бабановтың Қырғызстан саясат сахнасындағы рөлі тәмәмдалған. Президент сайлауы аяқталғанан кейін ол елден кетуге мәжбүр болды.
Өмірбек Бабановтан кейінгі қос азаматтық дауына іліккен тағы бір саясаткер Қырғызстан кеден қызметінің басшысы Қуанышбек Құлматов. 2011 жылы Қырғызстан Бас прокуратурасы Құлматовтың Ресей азаматтығын алғанын мәлімдеген. Осыдан кейін БАҚ өкілдері оның да өмірбаянын «майшаммен қараған». Бірақ журналистер қауымы мен оппозициялық топтардың наразылығына қарамастан осы уақытқа дейін ол Бішкек қаласының әкімі, "Ресей-Қырғызстан" даму қорының басшысы, Ұлттық банк төрағасы қызметтерін атқарып үлгерген. Бір сөзбен айтқанда ол да қос азаматтықтың пайдасын көрмесе, зиянын көрмеген саясаткерлердің қатарында.
Қырғызстан саясаткерлерінің арасында қос азаматтықтың кесірінен креслосынан айырылған «Республика-Ата Жұрт» фракциясының депутаты Жырғалбек Саматов. 2016 жылы Қырғызстан Бас прокуратурасы Ресей Федерациясының көші-қон қызметінен алған құжаттарға сүйеніп, оны депутаттық мандатынан айырған. Бас прокуратура мәліметінше, Жырғалбек Сматов 2001 жылы Ресей азаматтығын алған. Бірақ оған қарамастан Жоғары Кеңеске «Республика – Ата Жұрт» партиясының атынан депутат болып сайланған.
Жалпы алғанда Қырғызстанда жоғарыда айтылған саясаткерлерден бөлек, кімдердің қос азаматтығы бар екендігін дөп басып айту қиын. Себебі билік басында жүрген азаматтардың басым көпшілігі Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев тақтан тайғаннан кейін өзге елдің азаматтығын алуды "трендке" айналдырған. Бірақ бұл Қазақстан халқын таң қалдыратын жаңалық емес. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Аустрия түрмесінде өз өзіне қол жұмсап қайтыс болған Рахат Әлиевтің де Қазақстаннан бөлек Греция азаматтығын алғандығы ел есінде.