Көмірге тәуелді Польша ЕО-ның ауаны ластамауға қатысты талаптарын бұзғанын ресми түрде хабарлады, - деп мәлімдейді Euronews ақпарат агенттігі.
ЕО Жоғарғы Соты Польшаның ауа сапасына қатысты cтандарттарды сақтамағанын хабарлады. Жоғарғы Сот мәліметінше, Польша ауаны ластауға қатысты заңды бұзып, ауадағы рұсат етілген қатты заттардың жылдық көлемін асырып жіберген (демалу кезінде кейбір органдарға зиянын тигізуі мүмкін).
Жергілікті халықтың айтуынша, оның басты себебі тұрғындардың көмірді көп жағуы.
2016 жылғы есепте көрсетілгендей, Белхатувтағы (Belchatow) көмір нысаны ауаны ластау деңгейі бойынша ЕО аймағында бірінші орын алады.
Өткен жылы Еуропа комиссиясы лас ауа салдарынан қайтыс болған адам санын азайту шеңберінде Польшаға қатысты іс қозғаған болатын. Ал Польшада ластанған ауадан шамамен жылына 400 мың адам қайтыс болады.
Үкіметтік емес экологиялық ұйым "Client Earth" өкілі Агнешко Варсо-Бьюкенен (Agnieszka Warso-Buchanan ): "Польша халқы үшін бұл жақсы жаңалық емес. Біз сотта жеңіске жету керектігіміз аздай, сол лас ауамен әрі қарай тыныстап жүруіміз керек. Польша билік өкілдерінің бұл қауіпке қатысты әрекеті тым баяу. Алдағы уақытта да үкімет осылай баяу қимылдайтын болса, ЕО-ның өте үлкен айыппұлын төлеуге мәжбүр болады. Ел билігіне халқының денсаулығынан көмір артық па екен? - уақыт көрсетеді", - деді.
Войкович (Wojkowice) қаласының әкімі Томас Шцерба (Tomasz Szczerba): "Көмір индустриясы Польша тарихының бір бөлігі. Мысалы, менің әкем де, атам да көмір зауыттарында жұмыс істеген. Иә, Польшадағы көмір мен баламалы энергия көздеріне қатысты мәселе ушығып тұр. Бірақ оны бір сәтте шешу де мүмкін емес", - деді.
Өткен айда ЕО комиссиясы Германия, Ұлыбританияны қосқанда 9 елге ескерту жасады. Бұл елдер ауаның ластануына қатысты уақытылы шаралар қолданбаса ЕО олардың үстінен сотқа арыздануға мәжбүр болады.
Брюссель қазірдің өзінде ауаны ластауға қатысты 30-ға жуық іс қозғаған, бірақ олардың көпшілігі кейінге қалдырылып келеді.