Оңтүстік Кореяда өткен кезекті қысқы Олимпиада ойындарының басты ерекшелігі жарыстардан көрі Солтүстік Корея өкілдерінің қатысуы болып қалғандай. Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның қарындасы Ким Ио Жоң бастап келген делегация ашылу салтанатында болды және Оңтүстік Кореяда үш күндік сапарын өткізіп қайтты. Екі Кореяның командалары алаңға бірге шықты. Әйелдердің хоккей командасы біріктірілді. Жанкүйер Солтүстік Корея өкілдері жиналған жұрттың аузын аштырды. Бұның бәрі екі Корея арасындағы мәмілені жақсартуға көмектесе алды ма?
Олимпиада кезіндегі жағымды атмосфераның жұртшылыққа үміт сыйлағаны рас. Әлемдік БАҚ құралдары да екі ел арасындағы жылы жүзді кездесулер туралы жазды. Тіпті Солтүстік Кореяның ресми басылымдары да Олимпиада ойындарының барысын үзбей таратып тұрды. Оңтүстік Корея басылымдары да екі ел қарым-қатынасының жақсаруына «олимпиадалық рухтың» жәрдем бергенін айтты. Оны Мүн Жайн билігі де растады. Бірақ, жағдайдың бұлай дамып келе жатқанынан көпшілік қауым алаңдай бастады. Олимпиада ойындары өткеннен кейін екі елдің арасындағы байланыс қалай болмақ?
Оңтүстік Кореядағы консерваторлар жағы бұл жағдайға көбірек алаңдаушылық білдіруде. Олар Сеул билігін Солтүстік Кореямен сөйлесулер кезінде тым кішіпейілдік етіп жатыр деп сындайды. Олардың болжамына сенсек, КХДР тарабы АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастықты тоқтату талабын қояды, оның өтемі үшін өздерінің ядролық бағдарламасын бұғаттаймыз дейді. Алайда, Солтүстік Корея бұл уәдесін орындамай қояды деп қарайды. Олар және спорттық шаралар, ауқымды Олимпиада рухы, мұның бәрі екі ел арасындағы түбірлі қайшылықты шешуге дәрменсіз деп отыр.
Бұл сөздерінің жаны бар. Себебі, он неше жылдан бергі келіссөздер түбек жағдайын жақсылыққа алып келе алған жоқ. Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасы бұрынғы шиеленісті күйіне қайта өтуі мүмкін деп болжауға да болады. Екі ел арасындағы келісімдер 65 жылдың алдындағы екі Корея арасындағы шиеленіскен жағдайда қала бермек.
Солтүстік Корея әлемдегі ең қауыпты мемлекеттердің бірі, ол қауіптің тамыры ядролық қаруында жатыр. Солтүстік Корея билігі келісімге келуге келгенде әккі әрі қатал. Тіпті өте ұсақ нәрселерге дейін есептеседі. Айталық, Саул мен Уашингтоннан ойына келгенін талап етуі мүмкін, ал өздеріне келгенде тартына қалады. Сондықтан бұл елмен келісімге келу қашан да қиындықтарға тап болып келді.
Қысқы Олимпиада ойындары бұл қиындықты шешеді деп күту бос әңгіме болуы бек мүмкін. Бұл ойға итермелейтін тағы бір мәселе бар. Айталық, Оңтүстік Кореяның солшыл ұлтшылдары болса Солтүстік Корея азаматтарын қандастары қатарлы есептеп, олар тек екі ел арасындағы қырғи қабақ қатынастың салдарынан идеологияның тұтқынына айналған деп қарайды. Қазіргі Оңтүстік Корея президентінің өзі тек 41 пайыз дауыс жинап билікке келді. Оны елдегі солшылдардың қолдай қоюы екіталай. Тіпті солшылдар екі Корея қайшылығында Сеул мен Уашингтонның да кінәсі мол деуі де мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, бірер айдан кейін Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн Солтүстік Кореяға ресми әрі тарихи сапармен баруы мүмкін. Осы жолы Ким Ио Жоң оған ағасының Пиоңяңға (Пхеньян) ілтипатпен шақырған сәлемін жеткізген. Мүн Жайн болса ешқандай келісімдердің жасалғанына қарамастан, тіпті келісім болатын, болмайтынына да қарамастан «екі Корея мұны әлдеқашан істеуі керек еді» деп өзінің де соны күткенін жасырмай айтты. Оған қоса АҚШ-ты да ымыраға шақырды. Десе де, консерваторлар Мүн Жайнның тым желпілдеп кеткенін ұнатпай отыр.
Бұған дейінгі сөйлесулердің екі ел қатынасын жақсарта алмағаны рас, десе де жағдай былтырғыдан жақсы. Ал, алдағы уақытта екі елдің де дәстүрлі әскери әрекеттері бұл жағдайды күрт өзгертіп жіберуі де мүмкін. Айталық, жылдағыдай АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуы бастала кетсе, Солтүстік Корея ядролық қаруын көрсетіп, білегін түреді.
Мүмкін бұл келіссөздің тоқтап қалмауын қалаған Солтүстік Корея өзінің баллистикалық зымыран сынақтары мен ядролық бағдарламасын уақытша тоқтата тұруы мүмкін. Олай болмаса Мүн Жайнның жағдайы да қиындай түседі. Себебі, Оңтүстік Корея консервативті күштері оның үкіметін қысымға ала бастайды. Ал, Солтүстік Корея Сеулмен келісімге келген күннің өзінде Мүн Жайн мен Трамптың арасына жік салып, алыстатуға тырысуы да мүмкін. Тіпті Солтүстік Корея Сеул билігі істей алмайтын талаптарды ортаға салып, тығырыққа тіреп, соңында АҚШ пен Оңтүстік Кореяның күшке басуына мұрындық болмасына кім кепіл?! Сондықтан, алау-жалау өтіп кеткен Олимпиада Корей түбегіне бейбітшілік гүлін көктетеді деп айту қиын.