Ақпан айының 16-сы күні БАҚ беттерінде Қазақстан аумағында жүргізілген арнайы операция барысында Қырғыз Республикасының 3 бірдей азаматының ұсталғандығы жөнінде ақпарат тарады. Қазақстан құзырлы органдары қамауға алған Қырғызстан азаматтары кімдер? Олар ел аумағына қандай мақсатпен келген? Қырғыз шенеунігінің "Қорғас" кеден бекетіне қандай қатысы бар?
Ақпан айының 15-і мен 16-сы күндері аралығында Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілген арнайы операция барысында 29 адам ұсталды. Олардың 16-сы Алматы және Жамбыл облысында, ал қалған 13-і Оңтүстік Қазақстан облысында тұтқындалған. Ұсталғандардың арасында кеден қызметкерлері, жоғары лауазымды саясаткерлер, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен қатар, соңғы уақыттары Қазақстанға "нота жіберуден жалықпайтын" Қырғыз Республикасының азаматтары да бар.
Қазақстан аумағында ұсталған қырғызстандық үш азаматтың бірі 1981 жылы 3 ақпан күні Қаракөл аумағында дүниеге келген Жоғары Кеңес депутаты Дәмірбек Асылбекұлы. Ол 2000-2004 жылдары ОсОО «APMS» компаниясының директоры, 2006-2008 жылдары ОсОО «Sky Mobile» компаниясының бөлім меңгерушісі, 2008-2009 ОсОО «БиМоКом» бас директоры, 2009-2010 жыларды Қырғызстан Жоғары Кеңесінің V шақырылым депутаты, 2010-2015 жылдары ЖАҚ «Альфа Телеком» компаниясының мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнату және мүдделерді қорғау бөлімінің кординаторы қызметтерін атқарған. Қазақстан құзырлы органдары қамауға алған екінші қырғызстандық ел аумағындағы қылмыстық топтырдың бірінің белді мүшесі 1979 жылы 15 қараша күні Нарын облысында дүниеге келген Мұраділов Ұланбек Тұратбекұлы. Ол Асылбекұлымен қатар «Альфа Телеком» компаниясының Ош қаласы мен Ош облысындағы бөлімшесін басқарған. Қырғызстан БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Мұраділов пен Асылбекұлы 15 ақпан күні Бішкек әуежайынан Алматыға бірге аттанған. Ал Қазақстан аумағында ұсталған үшінші Қырғызстан азаматы 1985 жылы 9 қарашада Нарын қаласында дүниеге келген Абакиров Шыңғыс Абакирұлы. Ол «Ақ жол» бақылау бекетінен Қазақстан аумағына 16 ақпан күні сағат 6:42-де өткен. Абакирұлының атына Бішкек қаласында «Сертификат и Ко» компаниясы тіркелген.
Қырғызстан БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Мұраділов, Асылбекұлы және Абакировтың «Қорғас» кеден бекетінен контрабандалық жолмен тауар өткізуге қатысы бар. Олар қазақстандық сыбайластарымен қосылып Қытайдан «Қорғас» кеден бекеті арқылы өтетін тауарларға «Қырғызстанға арналған» деген құжаттар жасаған. Бірақ шын мәнінде ол тауарлар Қырғызстанға жетпей Қазақстан аумағында қалып қоятын болған. Алдын ала болжамдар бойынша, «қырғызстандық үштік» «Қорғас» кеден бекеті арқылы өтетін тауарларға арналған құжаттарды Шыңғыс Абакировтың «Сертификат и Ко» компаниясы арқылы жасаған.