Соңғы уақыттары әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Сүрия аумағында соғысып жүрген Ресейдің жалдамалы әскерлері жөнінде жиі айта бастады. Жалпы, ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясының шығу тарихы қандай? Оның ресми Кремльге қандай қатысы бар?
«Вагнер» жеке компаниясы Ресей Қарулы күштеріне бағынбайтын, ешқандай заңдық негізі жоқ әскери ұйым. Германияның «Bild» газетінің мәліметі бойынша, оның құрамында 2500 жалдамалы сарбаз бар. «Вагнер» компаниясы өз бастауын Сүрия жерінен алады. Бастапқыда «вагнерліктер» 2013 жылы Сүрия аумағында «Славян корпусы» деген атпен түрлі әскери операцияларды орындауға қатысқан. Кейіннен «Славян корпусы» әскери жасағының мүшесі Дмитрий Уткин «Вагнер» жеке әскери компаниясын құрған. Дмитрий Валерьевич Уткин 1970 жылы дүниеге келген. Ол өз кезінде Ресей Қорғаныс Министрлігіне қарасты ГРУ арнайы жасағында бөлім командирі қызметін атқарған.
Дмитрий Уткин құрған «Вагнер» компаниясына батыс басылымдары 2014 жылы Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицактың: «Ресейдің «Вагнер» жалдамалы жасағының ИЛ-76 ұшағының құлауына және Донецк әуежайы мен Дебальцево түбіндегі соғысқа қатысы бар» - деген мәлімдемесінен кейін назар аудара бастаған. Бірақ «Вагнер» компаниясы өзі жөнінде жиі айтыла бастағанан кейін Украинадағы белсенділігін төмендетіп, біраз уақытқа үзіліс алған. Алайда көп ұзамай 2015 жылдың ортасында «Вагнер» сабраздары Сүрия аумағындағы белсенділігін арттырған. Олар 2015 жылдан бері Сүрия аумағындағы түрлі әскери операцияларға қатысып, Пальмирге шабуыл жасаудан бастап, мұнай кен орындарын басып алуға дейінгі аралықтағы әскери операциялардың барлығына араласқан. Бірақ бір қызығы осының барлығына қарамастан ресми Мәскеу: «Ресей аумағында «Вагнер» атты жеке әскери компания жоқ. Сүрия мен Украина аумағында соғысып жүрген жалдамалы сарбаздар қайда барып соғысса да өздері біледі. Оларға Ресей Федерациясының билігі тыйым сала алмайды» - деп мәлімдеген.
Украина Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, «Вагнер» жасақтарының қатарында ресейліктерден бөлек, украиналықтар да бар. 2017 жылдың қазан айында Сүрия аумағында Украина төлқұжаты бар 40-қа жуық жалдамалы сарбаздың бар екендігі және олардың әр қайсысы айына 160-240 мың рубль табыс табатындығы анықталған. Ресейдің Сүриядағы әскери операцияларына сараптама жасайтын «Conflict Intelligence Team» тобының жетекшісі Руслан Левиевтың сөзінше, «Вагнер» жалдамалы сарбаздары әскери операцияларға қатысқаны үшін айына 160 мыңнан 300 мың рубльге дейін жалақы алады. Олардың айлық табысы әскери операциялардың орындалу барысы мен қиындығына қарай төленеді. Ресейлік «Фонтанка» басылымының хабарлауынша, «Вагнер» жеке әскери компаниясын Ресей Қорғаныс министрлігінен бөлек, Владимир Путинның жақындарының бірі, танымал кәсіпкер Евгений Пригожин қаржыландырады. Бірақ Пригожинның өзі БАҚ өкілдеріне «Вагнер» компаниясына қатысым жоқ» - деп мәлімдеген. Алайда РБК арнасы Евгений Пригожинның «Вагнер» компаниясы жариялаған бірнеше тендерге қатысқанын анықтаған. Бұдан бөлек Пригожинға тиесілі делінген «Еуро Полис» компаниясы 2016-2017 жылдарды Сүрия аумағындағы мұнай және газ кен орындарын игеретінін мәлімдеген. Ал 2017 жылдың жазында «Еуро Полис» Сүрияның мемлекеттік концернімен «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы иелігінен кері қайтарылған кен орындарымен игеруге байланысты келісімге қол қойған. Ал «Еуро Полис» игеретін кен орындарының қауіпсіздігін «Вагнер» компаниясының сарбаздары қамтамасыз ететін болған.