АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі ғимаратында атыс болды – деп хабарлайды ВВС ақпарат агенттігі.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, сәрсенбі күні таңертең АҚШ-тың Мэриленд штатына қарасты Форт-Мид қаласында Ұлттық қауіпсіздік агенттігі ғимаратының алдында атыс болған. Салдарынан бір адам жарақат алып, бір адам тұтқындалған. Алдын ала болжамдар бойынша, жол таңдамайтын автокөлік ғимарат күзетінің ескертуіне қарамастан агенттік қоршауына келіп соғылған.
Ұлттық қауіпсіздік агенттігі болған оқиғаға байланысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамаған. Тек өзінің Твиттер парақшасына «Аймақ жергілікті құқық қорғау органдарының бақылауында. Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен полиция қызметкерлері болған оқиғаға байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуде» - деген қысқа ғана ақпарат жариялаған. Ал Ақ үй баспасөз қызметі «Ел президенті Дональд Трамп болған оқиғадан хабардар. Ол оқиға орнында зардап шеккен азаматтармен қашан да бірге. Біз алдағы уақытта аталмыш жағдайға байланысты ақпараттармен міндетті түрде бөлісетін боламыз» - деген мәлімдеме таратқан.
Ұлттық қауіпсіздік агенттігі АҚШ қорғаныс министрлігіне қарайтын мемлекеттік мекеме. Оның штаб-пәтері ел астанасы Уашингтоннан 48 шақырым жердегі Форт-Мид қалашығында орналасқан. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне 2015 жылы шабуыл жасалған болатын. Ол кезде бір адам көз жұмып, бірі адам ауыр жарақат алған.