Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлы тұлға ұрпақтары» атты жобаның таныстырылымы өтті.

Ұлттық музейге жиналған ұлы тұлғалардың ұрпақтары.

Аталған шараға алаш қайраткері Қошмұхамбет Кемеңгеровтің, қазақтың әйгілі ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың, Қазақ КСР-ның Халық әртісі  Ғарифолла Құрманғалиевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Санжар Жандосовтың,  Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Еркеғали Рахмадиевтың, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовтің, компазитор Ғазиза Жұбанованың ұрпақтары қатысты.

Еркеғали Рахмадиевтың жұбайы Клара апай

Шарада сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Біз өткен тарихтың қателігін қайталамайық. Із-түссіз кеткен біздің қаншама қайраткерлеріміз бар. Ендігі жерде ондай олқылықты болдырмау мақсатында біз асылдың сынығы деп бағалап отырған кешегі біздің танымал тұлғаларымыздың ұрпақтарымен кездесіп отырмыз. Шын мәнінде бұл шара үлкен маңызға ие. Біз ұлылардың ұрпағын іздеп жатсақ ол ертеңгі күн үшін құнды мәлімет жинау мақсатында деп айта аламын», – деді.

Санжар Жандосовтың ұрпағы – Жанар Жандосова

Келген қонақтар жоба жұмысына сәттілік тілеп, өз ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта Ұлттық музеймен тығыз байланыс орнататындықтарын да айтты.

«Ұлы тұлға ұрпақтары» жобасының мақсаты – қазақ тарихында орны бар танымал азаматтардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың, ғалымдардың, танымал өнерпаздар мен спорт саңлақтарының ұрпақтарымен Ұлттық музей арасында тығыз байланыс орнату. Сонымен қатар, танымал тұлғалардың ұрпақтары жайлы ақпарат жинау және жиналған мәліметтер негізінде деректер қорынжасау.

Айгүл Кемеңгерова

Алдағы уақытта жоба Ұлттық музейдің ұйытқы болуымен жалғасып, еліміздің түпкір-түпкіріндегі танымал тұлғалардың ұрпақтарымен байланыс орнатылады.

“The Qazaq Times”