
2017 жылдың қаңтар-қараша айында Қазақстан шетелге 407,8 млн долларға 24,5 млн тонна тас көмір экспорттаған.
Статистика комитетінің мәліметінше, шикізат тасымалы 2016 жылдың 11 айымен салыстырғанда 14 пайызға, ал қаражат көлемі бірден 56 пайызға артқан.
Қазақстан көмірінің ең көп бөлігін сатып алған ел Ресей. Бұл елге 235,2 млн долларға 18,8 млн тонна көмір жеткізілген. Көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 8,4 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, 3,2 млн тонна көмір(48,4 млн доллар) Финляндияға, 903,6 мың тонна (14,7 млн доллар) Қырғызстанға, 673,4 мың тонна (43,3 млн доллар) Швейцарияға сатылған.
Украинаға жеткізілген тас көмір көлемі 369,8 мың тонна (50,6 млн доллар) болса, Кипрға 157 мың тонна (9,6 млн доллар) жеткізілген.
Комитет мәліметінше, 2017 жылы қазақстандық 13 кәсіпорын 280,8 млрд теңгенің тас көмірі мен лигнитін өндірген және бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6 пайызға жоғары. Сондай-ақ, өндіріс көлемі 106,7 млн тоннаны құрап, бір жылда 8,3 пайызға өскен.
Дегенмен елдегі соңғы уақыттағы көмір тапшылығы халықтың наразылығын тудырып отыр. Өндіріс көлемі артты деген күннің өзінде, елдегі тапшылық бұл статистикаға қайшы келіп отыр.