Қазақстандықтар көмір іздеп биылғыдай сабылмаған болар, шамасы. Өйткені өткен жылдың қазан айында басталған көмір тапшылығы, осы жылдың қаңтарында қайта басталды. Қақаған аязда осынша даурығатындай не күн туды? Бағаға келсек алыпсатарлардың асығы алшысынан түсіп тұр. Бүрсеңдеген халық тонналап сатсаң да, мөшекке қаптап сатсаң да алуға дайын. Бірақ олай сатып алуға да мүмкіндігі шектеулі! Көмір жоқ!
Осыдан үш ай бұрын, яғни өткен жылдың қазан айында да бензин мен көмір тапшылығы қатар басталған шақта ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев елде "көмір тапшылығы жоқ" екенін айтқан болатын.
«Бүгінгі күні елде көмір тапшылығы жоқ. Қыркүйектің ортасында күннің күрт сууына байланысты орталық және солтүстік облыстарда көмірге сұраныс арта түсті», - деген еді ол қазан айының 17-сінде болған Үкімет отырысы кезінде.
Дегенмен ол кезде көмірдің жетіспеушілігі барлық дерлік өңірде байқалып, баға өсіп кеткен еді. Ал бұған қатысты министрлік тарапы "көмір бағасының өсуіне темір жол тарифтері және делдалдық ұйымдардың «қосулары» айтарлықтай әсер етеді" деген мәлімет келтірген.
Ал осы жолы министр "көмір тапшылығы жоқ" деуге негіз таппады ма, әйтеуір бар мәселе жергілікті әкімдіктермен байланысты екенін айтып қалды.
"Жергілікті органдар қатаң бақылауда ұстау керек бұл мәселені. Мен тиісті әкімдермен өзім өткен аптада, осы аптада сөйлескем. Қазір 16 мың тонна көмір Алматыға және Алматы облысына жөнелтілді. Бүгін-ертең тупиктерге келіп, сатылатын болады", - деді ол кеше Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген жауабында.
Бірақ министрлік тапшылықтың неден болып отырғаны туралы осы күнге дейін тек жалпылама жауап қайтарып келеді. Салдары айтылғанмен, нақты себебі неде екені әлі анық емес. Тек бір білетініміз, көмір жеткізуге жауапты компаниялар уақытында келісім-шарт жасамаған көрінеді. Осылайша, "көмір тапшылығы қолдан жасалғанын" айтып ақталуда.
Алайда "Шұбаркөл Көмір" АҚ болса "Қазақстанда өздерінің темір жол орындары болмағандықтан және көмірді бөлшек саудада сатумен айналыспайтындықтан, нарықтағы тапшылықтың себептерін анықтау қиын" екенін айтады. Олардың сөзінше, кәсіпорын көмірмен қамтамасыз ету жағдайын тұрақтандыру үшін жергiлiктi атқарушы органдармен жұмыс iстеп жатыр екен.
Бұдан бөлек, Екібастұз көмір бассейнінен көмір жеткізетіндердің біріне хабарласып көрдік. Өзін Александр деп таныстырған адам "қазір Алматыға көмір жеткізіп жатырсыздар ма?" деген сұрағымызға "сейчас нет" деп қысқа жауап қайырды. Басқа да көмір жектізумен айналысатындардың да айтар жауабы осы. Сонда көмір қайда кетті? Ел ішіндегі көмірді бір өңірден екінші өңірге жеткізу соншалықты қиын болғаны ма? Осындай сұрақтардан кейін "көмір тапшылығы оның шетелге сатылуынан туындады" деген ақпарат та тарады. Дегенмен министр мұны да жоққа шығарды.
Қысқасы, әзірге Қазақстан өзінде бар өнімді пайдаланудың жолын таппай жүр жүр ме, түсініксіз. Мұнайлы ел бола тұра не бензинге, не көмірге жарымай отырған жайымыз бар. Әлде басшыларымыз осындай тапшылық жан алқымнан алып, жел тұрып, шөп басы қимылдағанда ғана қолға алуды әдетке айналдырған ба? Әйтеуір жылда байқайтынымыз, тек осындай әлеуметтік-экономикалық мәселелер туғанда ғана жүгіруге ет үйренген. Ал оны алдын алудың алғышарты дайындала ма, жоқ па ол жағы да бізге беймәлім.