Ливия жағалауынан ашық теңізге шыққан жолаушы қайығы аударылып, 90 мигрант су астында қалды. Тірі қалған үш адам жолаушылардың негізгі дені Пәкістан азаматтары мен ливиялықтар болғанын айтқан. Ливия Еуропаға жетуді көздеген мигранттар үшін негізгі транзиттік мемлекет болып отыр. Өткен жылы Еуропа елдері Ливияның шекара күзетімен келісіп, оларға мигранттарды ұстап, кейін қайтаруды тапсырған болатын. Өйткені Еуроодақ мемлекеттерінің бірқатары өздеріне бөлінген квоталарға сәйкес, босқындарды қабылдаудан бас тартып отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
БҰҰ мен халықаралық ұйымдар Ливия шекара күзетінің мигранттарды тоқтатудағы асқан зұлымдығын алға тартып, Еуропа мемлекеттерін қабылдаған шешімі үшін айыптаған еді. Дегенмен Миграция жөніндегі халықаралық ұйым мигранттар қайығының теңізде аударылу оқиғасы соңғы кезде жиі орын алғанын айтады.
Қайықта болған тоқсан адамның тегі мен ұлты әлі анықталған жоқ. Бірақ оқиға куәгерлерінің айтуынша, қайықтағылардың басым бөлігі - пәкістандық азаматтар. Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның мәлімдемесінде: "Еуропаға бағыт алған мигранттардың саны жөнінен Пәкістан өткен жылы 13-ші орында болса, биыл алғашқы үштікте тұр" делінген.