Мьянма Соты "Мемлекеттік құпия туралы" заңды бұзды деген айыппен тұтқындалған Reuters ақпараттық агенттігінің қос тілшісін кепілдеме бойынша босатудан бас тартты. 31 жастағы Wa Lone мен 27 жастағы Kyaw Soe Oo өткен жылдың 25 тамызында басталып, 690 мың Рохинджа мұсылманының Бангладешке қоныс аударуына себеп болған Ракхайндағы қанды қақтығыс туралы ақпарат берумен шұғылданған. Олар желтоқсан айының 12 күні полиция қызметкерлерімен кездесу үстінде ұсталды. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Қос тілшінің өз туыстарына болған жайды баяндаған әңгімесі бойынша, олар мейрамханаға келген бойда бұрын кездеспеген полиция қызметкерлері қолдарына белгісіз құжаттарды ұстатқан. Артынша полиция жасағы келіп, журналистерді тұтқынға алған. Оқиға орнында болған полиция қызметкерлеріне жауапты тұлға Reuters тілшілерінің қолында мемлекеттік құпияға жататын деректер болғанын хабарлады.
Дегенмен тілшілердің қорғаушысы айғақ есебінде тіркелген құжаттағы дерек осыған дейін бірнеше жергілікті ақпарат құралдарында жарияланғанын айтады. Ол ұсынған дәлелдерге сәйкес, полиция "мемлекеттік құпия" деп таныстырған құжатта Ракхайнның Маунгдау бөлігіндегі әскери күштердің орналасуы жазылған және бұл туралы үкімет тамыз оқиғасынан кейін халықтың алдында есеп берген. "Яғни, қоғам үшін ашық, барлығы білетін ақпарат "мемлекеттік құпия" бола алмайды", - дейді қорғаушы.
Reuters компаниясының президенті Стефен Адлер журналистердің себепсіз 50 күннен астам уақыт бойы абақтыда отырғанын айтып, оларды босатуды талап етті. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттереш аталған жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әлем елдерін тілшілерді босату үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға шақырды.
Полиция қызметкерлері мен журналистердің сөздерінде бірнеше сәйкессіздік бар. Біріншіден, құқық қорғау органының өкілдері тілшілердің мейрамханадан тыс көше қиылысында қолға түскенін айтып, олардың "Белгісіз полиция қызметкерлерінің шақыртуымен түстенуге келгенбіз" деген мәлімдемелерін жоққа шығарады. Екіншіден, журналистер тұтқындау тобын басқарғаны туралы куәлік еткен полиция басшысы оқиға орнында болмағанын айтады.
Соттың келесі отырысы 6 ақпанға белгіленді.