Мьянманың халқы ел билігін басып алған әскерилерге қарсы наразылық шарасын тоқтатқан жоқ. Сәрсенбі күні әскери билік наразы жұртқа тағы да оқ атты. Алайда, бұл жолы шамамен 40 адам көз жұмып, әскери төңкерістен бергі ең көп адам шығыны тіркелді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Мьянмадағы әскерилердің халыққа оқ атуына қатаң наразылығын білдірді. Халықаралық қауымдастықтың Мьянма ісі бойынша өкілі Кристин Шранердің мәліметіне қарағанда әскери билікке қарсы наразылық шерулерінде кемінде 50 адам көз жұған.

Наразы жұрт армиядан азаматтық билікті қайтарып беруді талап етуде. Елдің ең ірі қалаларында мыңдаған, он мыңдаған адам көшелерді толтырып, өзінің наразылығын көрсетуде. Кей қалаларда қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар жиі болып жатыр. Армия ескертусіз оқ атып жатса да жұртшылықтың наразылық шарасын тоқтата алмады.

Төңкерістен кейінгі зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы Мьянма армиясы әлем елдері мен халықаралық қауымдастықтың күшті айыптауына ұшырап жатыр. Алайда, армия генералдары ескертулерге көңіл аударып жатқаны байқалмайды. АҚШ Мемлекеттік департаменті кеше Мьянмаға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, өз одақтастарын Мьянманың әскери билігін бірлесіп ауыздықтауға шақырды.

Державалардың өзі Мьянмадағы оқиғаға алаңдап отыр. Себебі, Мьянма жағдайының өңірлік қауіпсіздікке кері әсер ететін ауқымды мәселеге айналып кетуінен қауіптенеді. Бірақ, ел билігін басып алған әскерилер шетелдік сын-пікірлерге пысқырып та қараған жоқ. Керісінше, өздерінің саясатын жалғастыруда белсенділік танытуда.

Айта кетейік, Мьянма елі 1962 жылдан 2011 жылға дейін әскери режмиде басқарылып келген. Осы жылдар аралығында елде бірнеше рет әскерилерге қарсы ереуілдер болған. 1988 жылғы наразылық кезінде 3000 адам көз жұмса, 2007 жылы 30 адам қаза тапқан. 2011 жылы Аун Сан Су Чи «Демократия үшін ұлттық лига» партиясын бастап билікке жетіп, елді демократиялық жолға салуға уәде еткен. Ол бұл Нобельдің «Бейбітшілік саласындағы» сыйлығын да алған. Биыл 1 ақпан күні елдегі әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алды және Аун Сан Су Чи бастаған билік партиясының жетекшілерін қамауға алды. Елде наразылық жалғасып жатыр.

“The Qazaq Times”