2017 жылдың 4 тоқсанында Samsung Electronics компаниясы тауарларының сатылымы шамамен 61,8 млрд долларды құрады, ал операциялық табысы - 14,2 млрд доллар. Жыл басынан бері сатылым көлемі шамамен 224,5 млрд доллар болса, операциялық табыс 50,2 млрд долларға жетті. Бұл туралы компанияның Қазақстандағы филиалынан хабарланды.
Өткен жылдың төртінші тоқсанында кірістің артуы серверлер мен ұялы құрылғыларға арналған жоғары сапалы жады компоненттерінің артуына байланысты болған.
Сондай-ақ, компания жоғары сегменттегі смартфондар үшін OLED-экранды жеткізуді арттырған. Алайда LCD-панельдерінің сатылымы азайған.
Компания мәліметінше, маркетингтік шығындардың артуынан мобильді бизнесте кіріс төмендеген. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда смартфондардың жалпы сатылымы төменгі сегмент жұмыстарын оңтайландыруға байланысты азайған, алайда Galaxy Note8 флагмандарының сатылымы көбейген.
Компания 4 тоқсанда үлкен экрандар және QLED сынды премиум модельдерді сатудан ТВ сегментінде айтарлықтай табыс тапқан. Ал тұрмыстық техника саласында кірістің артуы Солтүстік Америка мен Еуропада кір жуғыш машиналар мен жоғары деңгейлі пештерге сұраныстың артуынан болған.
Компанияның биылғы жылға арналған болжамы да жаман емес. Премиум құрылғылардың танымалдығы смартфондарға деген сұранысты арттыруы мүмкін. Сондай-ақ, Samsung камера және Bixby дауыс ассистенті сынды негізгі функцияларға баса назар аудармақ.