Соңғы дағдарыстан кейін әлем экономикасында өсу байқалды. АҚШ, Қытай және Еуропа экономикасының көрсеткіштері осыны айғақтайды. Халықаралық Валюта Қорының берген мәліметіне қарағанда биыл және 2019 жылда да бұл өсу көрсеткіштері жалғасады делінген. Дегенмен, аталған мәліметте Ұлыбританияда экономикалық жағдай төмендеуі мүмкін деген болжамды да айтты. Оны аталған елдің ЕО-дан шығуымен байланыстырады. Дегенмен, әлем елдерінің экономикасында бұл қуаныш қаншалық ұзаққа жалғасуы мүмкін, бұл туралы BBC онлайн қызметі сараптап көріпті.
Давостағы форумға қатысушылар кезекті жиналыстың оптимистік күйде өткеніне көбірек назар аударыпты. Трансұлттық компания жетекшілерінің басым көбі әлем экономикасының жалғасты өсетініне сенім білдіріп отыр. Бұны «синхрондық өсу» принципіне салуға болатындай. Айталық, соңғы жылдарда АҚШ-тағы экономикалық өсімге Еуропадағы түрлі проблемалар кедергі болғаны байқалады. Ал, енді Үндістандағы оптимистік жағдай, бұл елдің Қытайға деген қарызы артып кетпей ме деген қорқынышын сейілтті. Дегенмен соңғы жақсы жаңалықтар жаһан экономикасының барлық локомотивтеріне тән.
Сонымен жаһандық экономиканың жұрт қуанарлық күйі көптеген елдерді үміттендірді . Солай десек те, бұл көрсеткіштер біз күткен көрсеткіш пе, әлде дауыл алдындағы тыныштық па?
ХВҚ-ның есебіне қарағанда, өткен жылы дамушы елдердің үштен бірінде халықтың жан басына шаққандағы кірісі төмендеген. Көптеген елдерді тапқан кірістерінің теңсіздігі алаңдатып отыр. Әлемдік орталық банктер 2008 жылы басталған экономиканы ынталандыру бағдарламаларын ақырындап тоқтата бастады. Экономиканы ынталандыруға берілген жүз миллиардтаған қаржы сарқыла бастады. Орталық банктер өзінің барлық қуатын дағдарысты шешуге жұмсағанда біз дағдарыстың қаншалықты салмақты екенін байқағандай болдық.
2014 жылы АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі қаржылық демеуді қысқарту туралы ескерту жасай бастағанда, Жапония орталық банктері керісінше экономикалық активтерді қолдауға өтті. Ал 2015 жылы АҚШ 2006 жылдан бері алғаш рет негізгі ставкаларды көтергенін жарияласа, Еуропадағы Орталық банк оның керісінше ставкаларын төмендетіп, бизнесті және үкіметті қолдау үшін миллиардтаған еуро қаржылық активтерді салу жөніндегі бағдарламасын ұзарта түсті. Қазір бұл үш елдің орталық қаржы салалары арасында қайшылықтар қалыптасты да, соны бір жақты ету үшін келіссөздерге келуіне тура келіп отыр.
Алдағы уақытта экономиканың өсуін жебеу үшін қаржылық демеулер бірден тоқтап қалмаса да, Орталық банктер бұл саясатын өзгерту туралы ойласуда. Мұндай жағдайда дамушы елдердің шынайы құрылымдық мәселелерін анықтап білуімізге тура келеді. Бизнесті дамыту үшін салынған көп мөлшердегі инвестиция өндіріс қуатын кемітті, тек ол ғана емес айлық кірістер төмендеп, дамушы елдердегі миллиондаған халықтың кірісі азайды.
Демек, осы ұзақ сонар баяндаулардан, түсінуге қиын алайда маңызды мысалдардан түсінеріміз, қазіргі кездегі әлем экономикасының жақсы көрсеткіші - Орталық банктерден шыққан «ақша селінің» шарапаты. Алдағы уақытта бұл «ақша селі» тоқтайды, әлем экономикасы ары қарай ненің көмегімен дамымақ?! Сондықтан сарапшылар әр елдің үкіметтеріне өз еліндегі шынайы шарт-жағдайға қарай отырып, экономикалық саясат түзуді ескертеді.