Адамзат қоғамының дамуы айланып келіп, өзі шешім таба алмаған көптеген ғаламдық проблемаларды түзіп шығарды. Солардың арасында менмұндалап көзге түскені климаттың жылынуы, адамдардың асқына түскен кибер тәуелдігі және әлеуметтік теңсіздіктердің ұлғаюы қатарлылар. Жай қарағанда байқала бермейтін, шын мәнісінде енді бірер он жылда ауыр апатқа айналатын көптеген проблемалармен бірге жасасып келе жатырмыз. Урбанизацияның ұлғаюы, әлем халық санының өсуі, қоршаған ортаның тозуы, ашынған ұлтшыл майданның күшеюі, мемлекет басқарудағы тепе-теңдіктің бұзылуы тағысын тағылар.
Дүйсенбі күні Давоста ашылған Дүниежүзілік экономика форумында арнайы эксперттердің дайындаған баяндамасы жарияланып, 2018 жылғы ғаламдық қорқыныштар туралы мәлімет берді. Аталған мәліметке қарағанда, биыл біздің ғаламда туылуы мүмкін проблемалардың түрі көп әрі сан қырлы. Айталық, меңгеруден шығып бара жатқан инфляция, ауа-райының экстремалды шарттары, жұқпалы ауырулар, кибершабуылдар, терроризммен үкіметтердің құлатылуы секілді үрейлі жайттардың мүмкіндігі артып келеді делінген. Бұл туралы BBC мен The Times басылымдары хабарлады.
1 Ашаршылық
Қоршаған ортаның ластануы мен бүлінуінен азық-түлік өндірісі қиындай түседі, бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздықты, азық-түліктің қымбаттауын тудырады. Бір елде болған ашаршылық көршілес елдерге өте қысқа уақыт ішінде тарай бастайды. Әлем елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі басты проблемаға айналатынын мәліметтің авторлары баса айтты. Тіпті кейбір елдерде ауыз су дағдарысы туып, көршілес елдермен шекаралық даулардың өршуі мүмкін деген болжамдарды алға тартты.
2 Жасанды интелект
Күн сайын дамып келе жатқан жасанды интелект адамзаттың жер бетіндегі жаңа бәсекелесі деп көрсетеді, мәлімет авторлары. Адамзат өз ақыл-парасаты арқылы мұндай нәрселерді ойлап тапқанымен оны кемелді басқаруға парасаты жеткілікті емес, бұл түбінде тұтас өркениетке апат әкелуі де мүмкін деп болжайды. Сонымен бірге жасанды интелект дами келе миллион, тіпті миллиардтаған адамдардың қолындағы жұмысты тартып алып, тірі адамды жарақсызға айналдырады деп қауіптенеді.
3 Сауда-саттықтың тоқтауы
Қазіргі кезде 2008 жылдардағы экономикалық дағдарыстың зардаптары толық жойылып, әлем экономикасы дамуға бет алды деуге болады. Алайда, дағдарыстың көмескі ықпалдарының бірі – Батыстың экономикалық жүйені түзген кейбір принциптерінің сенімсіздігінен туылады деген қауіп бар. Қазіргі таңда әлемдік біртұлғалану баяғыдай тиімді деп саналмайтын болған. Жер-жерде, ел-елде жаһанданудың кері процестері пайда бола бастады. Көптеген елдерде глобализацияға деген ынтасы жойылып, оның орынын протекционизм алды. Мұндай жағдайда өндіруші мен жеткізуші арасындағы байланыстар үзіліп, осы үзілген тұстарда жаңа бәсеке мен сауда соғыстары күшейе түседі. Бұл қызып келе жатқан халықаралық сауда-саттықты тоқтатуы мүмкін. Қазірдің өзінде еларалық төрелік етуші механизмдер бұндай дау-дамайларды шешуге қабілетсіз. Осындай жағдайда және жаһандық жалпы ішкі өнімнің төмендеуінен экономикалық активтер бірдей болмайды. Оның соңы қоғамдық толқуға алып келеді.
4 Демократияның ыдырауы
Демократиялық жүйелердің экономикалық, мәдени және технологиялық өзгерістердің қысымына тұрыстық бере алмай қалғаны байқалды. Бірақ, бұдан да сорақысы болуы мүмкін. Айталық, бір елде бір мәселе туралы елдің пікірі теңбе-тек екіге жарылып, қарама-қарсы бұл көзқарасы саяси түс алады да, сол қоғамның ыдырауына алып соғады, оның үстіне екі жақта бірдей елдің қарулы күштеріне ие болса бұл қарулы қақтығыстармен соғыстың білтесін тұтатады. Халқы құралданған ел болса бұл азаматтық соғысқа ұласады, ал олай болмағанда үкіметтің қарулы күшпен басып-жаншуы мүмкін. Бұл қоғамдық бірлік пен демократия туралы сенімдерге үлкен соққы болады.
5 Балық түрлерінің жоғалуы
Адамзат қоректенетін балықтардың үштен бірі заңсыз ауланған. Теңізге шектескен елдерде, еларалық су айдындарында толассыз балық аулау әрекеттері теңіз-мұхит, өзен-көлдердегі балық түрлерін барған сайын азайтуда. Қазір балық аулау, сату, өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер жер-жерде тығырыққа тірелуде. Бұның арты ауқымды миграцияға алып баруы мүмкін. Дамыған технологиялық құралдар арқылы суда жасайтын тіршілік иелерін есепсіз аулай беру олардың көбею процесін тоқтатып тастайды. Оның зардабы айтпаса да түсінікті.
6 Экономикалық жағдай
Аталмыш, мәлімет иелері қазіргі кезде экономикалық жағдайда біршама тұратылықтың бар екенін айтты. ХВҚ-ның болжамына қарағанда, әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсуі өткен жылы 3,6 пайыз болған. Бұл 2016 жылы 3,2 пайызды құраған еді. Экономикалық дағдарыс қаупінің азаюы биткоиндердің бағасын 1200 пайызға өсіріп жіберді. Соңғы дағдарыс себебінің бірі – сыртқы қарыздар болса, жаңа есепке қарағанда, бұл жағдайда оңды өзгерістер бар. G20 елдерінің қаржы секторынан сыртқы қарыздар 80 триллион долларды құраған. Бұл 2016 жылы 135 трлн доллар болып еді. Алдағы уақытта экономика басты қатерлердің бірі кибершабуылдар деп көрсетеді.
7 Денсаулық сақтау саласындағы теңсіздік
Денсаулықты қорғауға, сапалы өмірді қамтамасыз етуге көмек беретін препараттарды өндіру бастапқы кезеңде тұр. Оның үстіне бұлардың бағасы қымбат. Қазір, қалталылар ғана сапалы денсаулық сақтау қызметін көре алады, дәрілердің өнімі де қалталы адамдарға келгенде «сиқырлы күшіне ене қалады». Бұл нағыз әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп келе жатқан проблемалардың бірі. Бұнда тағы бір қайшылық бар. Егер дәрілердің емдік сапасы өте жақсы болса да, денсаулық саласы үлкен дағдарысқа ұшырайды.
8 Ережесіз соғыс
Кибершабуылдардың қаупі адамзатты оларға қарсы айла табуына үлгіртетін емес. Оның үстіне шабуылдың тездігі оның мекен-тегін анықтап, қарсы шабуыл жасауға да жар бермейді. Бір елдің инфрақұрылымына жасалған шабуыл үшін мемлекет халыққа жауап беруі керек, бірақ, кибершабуыл үшін жауап беруге көптеген үкіметтердің өзі қауқарсыз. Ал бұдан ережесіз соғыстардың туып кетуі бек мүмкін.
9 Геосаясат
Біз қазіргі кезде елден этникалық азшылықтағы халықтарды қуалаған, егемендігін шектеген, халықаралық келісімдерді белінен басып отырған елдерді көріп отырмыз (Іргеміздегі Қытайдың өзі толық мысал). Ал осы қуғын көрген ұлттар барған сайын дербестікке күресті күшейтіп келеді. Тіпті кейбір ұлттар бірнеше мемлекет түйіскен шекаралы аймақтарда жасап, сол аумақтарда өзінің дербестігін сұрап отыр. Бұл алағы уақытта геосаяси өзгерістердің де болуы мүмкін екенін көрсетеді.
10 Интернет территориясы
Кибершабуыл қауіптерінің күшеюі үкіметтерді желілерді бөліп алуға итермелеуде. Алайда, интернетті бөліп алуды қазіргі қоғам қабылдай алуы қиын. Технологиялық прогресті тоқтату мүмкін емес. Егер желілер бөлініп алынса, барлық режимдердің халқына жасап жатқан қысымдары бүркемеленіп, тұтас әлемді кері бағытқа алып кетуі де ғажап емес. Солай болса да, қазір желілерді бөліп алғысы келетін елдер көптеп табылады.
Осы жерде, әлем елдерінің жіберген ағаттықтары еске түседі. Тұтас мемлекеттер бір идеологияға бағынбайтыны анық. Солай бола тұрса да, адамзаттың болашағы туралы ортақ бағытқа ұмтылмауы, жекелеген мүдделердің жетегіне кетуі және державалар арасындағы көзсіз бәсеке бүгінгі тұралаған тығырыққа алып келді. Әлем елдерінің мұндай алауыздық тұсында демократия болсын, авторитаризм болсын, тіпті мүлде жаңа құндылық болса да табан тіреп тұра алмайды. Бәрі оп оңай сыдырылып қалады. Дегенмен, осы айтылып жатқан жаратылыстық және қоғамдық проблемалар адамзатты өздігінен тәрбиеге көндіруі де мүмкін. Жер–Ана мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруы мүмкін. Бірақ ол кезде табиғат қайта түлей ала ма? – ол өз алдына үлкен мәселе.