Трамптың АҚШ президенті тағына келгеніне тұп-тура бір жыл толды. Осы мезгілде оның халықаралық саяси мәселедегі жасаған өзгерісі мен қалыптастырған жаңа жағдайы аз болған жоқ. Бір қарағанда бірбеткей өзімшіл саясат болып көрінген Трамп саясаты, шын мәнісінде солай ма? Трамп өзгеріс енгізген АҚШ-тың ұлттық қорғаныс стратегиясы державаларға қалай әсер етіп отыр? Екі державаның арасындағы жағдайдың бізге қандай әсері бар?
19 қаңтарда АҚШ-тың жаңартылған қорғаныс стратегиясы жарияланды да, онда да Ресей мен Қытай АҚШ ұлттық қорғанысының басты мәселесі дегенді қадап көрсеткен. Өткен аптаның соңында Оңтүстік Қытай теңізіндегі ресми Бейжің өзінің иелігінде деп санайтын аралдарға жақындап кеткен АҚШ әскери кемесін айыптады. Бұны әсте кездейсоқтық емес, Қытайдың егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігіне қарсы жасаған арандату деп санады. Сонымен бірге, Қытайдың ықпалды ақпарат құралдары соңғы 20 жылдағы АҚШ пен Қытай арасындағы байланыстарды, АҚШ-тың ішкі-сыртқы саясаттарын, ДСҰ-да Қытай экономикасын мойындамау сынды қадамдарын жеке-жеке талдай бастады. Осының өзі Қытайдың АҚШ-қа қарсылыққа іштей дайындалып отырғанын байқатқандай.
Қытай АҚШ-тың қайсы қадамдарын өзіне бағытталған шабуыл деп санап отыр? Бұларды теріп айтар болсақ, қытайлық «Самұрық» (Fenghuang/凤凰) ақпараттық порталы мына бірнешеуін алға тартады: ең әуелі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанына 15 жыл толғанына қарамастан Қытай экономикасының нарықтық экономика деп мойындалмауы; Оңтүстік Қытай теңізінде АҚШ-тың бақылауын күшейтуі; АҚШ-тың бұрынғы Орталық барлау басқармасының қызметкерін тұтқындап, оған Қытай тыңшысы деп айып тағуы және соның нәтижесінде АҚШ Конгресінің қытайлық компанияларға инвестиция мен сатып алуларға жол бермеуі тағы басқалар.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, өзге де қайшылықтарды Батыс елдерінің ақпарат құралдары да ашық талқылай бастады. Германия басылымдары жақында АҚШ-Қытай қатынасын жан-жақты талдай келе, «2018 жыл АҚШ пен Қытайдың қарсыласу жылы» деген тақырыпта көлемді сараптама жариялаған.
19 қаңтар күні АҚШ-тың сауда өкілдігі Қытайдың ДСҰ-ға қатысуы туралы есебін жариялады. Мәліметке қарағанда, Трамп үкіметі 2001 жылы Қытайдың ДСҰ-ға кіруіне сол кездегі АҚШ үкіметі қате қолдау көрсеткен деп қарайды. Трамп үкіметінің көзқарасында, Қытайдың сол кездегі экономикалық жағдайы Бейжің билігін ДСҰ-ға кіруге мәжбүрледі. Мәлімдемеде тағы бұл қадамдардың АҚШ пен Қытай сауда-саттық шиеленістерін күшейте түскенін айтады. Сонымен бірге, Трамп үкіметі қазір Қытайдың зияткерлік меншікті ұрлауына тыйым салу үшін шаралар қабылдағалы жатқаны айтылған.
Бұл тақырыпта әлем елдері басылымы түрлі жорамалдар жасауда. Айталық, британдық «Financial Times» басылымы «Бұл Уашингтонның 20 жылдан бергі Қытайдың ДСҰ-ға кіруіне қаратқан саясатының бұрылысы» деп бағалаған. Ал, кеше Жапонияның «Sankei Shimbun» (Экономика жаңалықтары) басылымы: «Әуелі Америка» саясатын ұстанатын Трамп үкіметі үшін, Қытаймен сауда тапшылығын шешу үшін пәрменді шаралар қабылдайтын болады. Корей түбегі шиеленісі реттелсе АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы тіпті де өрши түседі», - деп жазған.
Германиядағы Берлин Еркіндік Университетінің халықаралық саясаттанушысы Майс Наир кеше «Global Times» тілшісіне берген сұхбатында: «Трамп билікке келгеннен бері, «мұсылман елдеріне қаратқан иммиграция саясаты», Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауы, Африканы құдық түбіндегі құрбақаның елдік теориясына балауы, Еуропа елдерінің идеологияларын ұнатпауы, АҚШ-тың өз ішіндегі қайшылықтар... қатарлы қадамдарға барды. Меніңше, онда Қытай мен Ресейге қарсы тұратын капитал бар деп қарамаймын. Қазір, АҚШ пен Қытай арасында шиеленістер мен жарылыстар тым көп, бірақ қырғи-қабақ соғыстан бері алып қарайтын болсақ та, АҚШ ұдайы Қытайға дәл осы кездегідей қысымды жасап келеді», – деген пікірін білдірген.
Осымен бір уақытта Қытайдың Нанжиң (Канкин) Университетінің профессоры Жу Фың да аталған басылым сұхбатын қабылдағанда, 1993-1994 жылдары Клинтон әкімшілігі Қытайға бағытталған «ең қолайлы тиімділіктерді» тоқтатты, 1995-1996 жылдары Тайван (Тайвань) мәселесі ушыға түсті. 1999 жылы Югославияда болған жарылыс және 2001 жылы Қытай мен АҚШ арасындағы қақтығыс, соңғы жылдары Оңтүстік Қытай теңізіндегі Құрама Штаттардың «навигациялық бостандық» әрекеті қатарлы оқиғалар сериясы Қытайдың әлеуеттене түсуіне байланысты АҚШ-тың бұған қарсы тосқауыл қойып келе жатқанын түсіндіріп берді. Тіпті осыдан он жыл бұрын да сауда-экономика саласында зияткерлік меншікке қатысты дау-дамай күшейе түскен еді. Ал, үш жыл бұрын Құрама Штат Қытайдағы кибер хакерлер мәселесі бойынша Қытай үкіметіне қатты қысым көрсетті. Осылардан қарағанда Тайван бұғазы, Оңтүстік Қытай теңізі, Шығыс Қытай теңізіндегі Қытай-АҚШ арасындағы дау-дамайды айтып жатудың керегі де шамалы», – деген пікірін білдірді.
Ол пікірлерін толықтай келе: «Қытай-АҚШ қатынасы бәсекелестік пен ынтымақтастықтың негізгі үрдісінен алыстады. Тек АҚШ-Қытай мемлекеттік қуатының көрсеткішіндегі өзгерістердің себебі ғана емес, көптеген стратегиялық көрсеткіштер АҚШ-ты «Қытай қатері теориясын» жаңартуға итермеледі. Сондықтан біз бұған жауап берерде аса икемді әрі сергек болумыз керек», – деді.
Германиядағы Кельн университетінің саясаттанушысы Джаггер АҚШ-тағы «Brinkwire News» интернет басылымына берген сұхбатында, Ақ үйдің экономика жөніндегі аға кеңесшісінен бастап, қаржы және сауда министрлеріне дейін атап отырып, Трамп әкімшілігінің «сайыпқырандары» деп бағалаған. Сонымен бірге, олар АҚШ-Қытай арасындағы ынтымақтастық саясатын жалғастыруды үміт етеді. Себебі, әлемнің ең үлкен қаржы орталы Уолл-стриттегі (Wall Street) жағдай оларға түсінікті. Олар осындағы АҚШ іскерлік қауымдастығы Бейжіңмен қақтығыссыз мәміле тауып, мол қаржы тартуды көздейді деп қарайды.
Десе де, әлем басылымдары екі алып экономика арасындағы теке-тіресті ашық айтудың өзі мәселеге кері әсер жасауы мүмкін деген пікірде. Екі ел арасында бетпе-бет қақтығыс болмаса да, саудадағы қақтығыс АҚШ-Қытай арасында жаңа «қырғи-қабақ соғыс» тудыруы бек мүмкін. Сонымен таққа отырғанына бір жыл болған Трамп әлемге бірқатар маңызды қадамдар жасады. Тіпті кейбір күңгірт түсініктерді ашық айтып, Батыс пен Шығыстың қайшылығын айпарадай ашып тастады. Мұның өзі «тарихтың өзінің периодымен, өткен ғасырдың аласапыран жылдарын қайталағалы тұр ма?» деген ой тудырады. Қазір көпшілік санасына жатталып қалған «Үшінші дүние соғысы болмайды, себебі ол әлде қашан басталып кеткен» деген дәйексөз өзінің қуатын көрсетіп жатқан жоқ па?!
Ресей мен Қытайдың асқынған "империялық сырқаты" маңайындағы біз қатарлы елдерді ғана емес, Батыс жұртын да үркітіп отырғанын аңғаруға болады. Бұл екі режимнің де түпкі негізінде планетаның баянды тыныштығы мен адамзаттың жарқын болашағына деген ізгі мақсаты жоқ. Оның дәлелі өзіміздің тарихымызда жатыр. Атам қазақ айтқандай «ұстараның жүзіндей аударылған дүние» тағы бір аунап, ғалам тағы аласапыранға ұласса бізде қаншалық дайындық бар? Алыстағының жолы нұрлы ма, жақындағы екеуі «жат» болса да, «жақынымыз» ба? Бүгінде билік пен халықтың осыны ойланар шағы жеткендей.