2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 24 млрд теңге бөлінеді.
Аталған қаражат басым бағытты республикалық инвестициялар тізіміне енді және осы жылғы бюджет аясында қарастырылып отыр. Бұл туралы «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы) Директорлар кеңесінің отырысы барысында айтылды. Жиналыс Астанада «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпхановтың төрағалық етуімен өтті, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бюджеттік несие түрінде жыл сайын банкке 24 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлуді қарастырады. Бұл ақшаға банк салымшылары 5% көлеміндегі жеңілдетілген мөлшерлемемен алдын-ала және аралық займдар ала алады. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шотында 30% көлемінде ең төменгі алғашқы жарна жинау қажет.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ТҮҚЖБ мемлекет бөлген 30 млрд теңгені игерген. Бұл қаржыға 3 488 қазақстандық отбасы «Нұрлы жер» аясында төмен бағамен үй сатып алған.