2017 жылы әлемнің саяси-экономикалық тұрақтылығы, даму бағыты Солтүстік Кореяға тікелей байланысты болды. Жаңа жылдың келуімен бұл өңірде болған қандай да бір саяси өзгерістер әлем елдерін елеңдетпей тұрмады. Жаңа жылды қарсы алу кешінде Пиоңяң (Пхеньян/Pyongyang) жылдағыдай емес салтанатты отшашумен қарсы алды. Десе де, отшашу салтанаты Пиоңяңның әлемдік ірі қалалардың қатарына қосылғанына көрсеткіш бола алмайды. Бірақ, Солтүстік Кореяның жаңа жылды отшашу салтанатымен қарсы алуы BBC-дің назарын өзіне аударып, бұл туралы әлем елдеріне хабарлады.

Солтүстік-Шығыс Азия дағдарысы

Құрама Штатқа жаңа президент келген соң, АҚШ-Оңтүстік Корея бірлесіп әскери оқу-жаттығулар өткізу арқылы Солтүстік Кореяға сес көрсетті. Алайда, ойламаған жерден Солтүстік Корея «стратегиялық қауіпсіздігімізге қатер төндірді» деп бағалап, «өз-өзін қорғау» желеуімен бірнеше айда жаңа баллистикалық зымырандарды ұшырып, сутегі бомбасын сәтті сынақтан өткізген.

Солтүстік Корейя сол кезде Қытай тарабының «Қос тарапты тоқтату» (Солтүстік Кореяны зымыран және ядролық сынақтарын тоқтатуыға, АҚШ-Оңтүстік Кореяны бірлескен оқу-жаттығуларын тоқтатуға шақыру) үндеуіне құлақ аспады. Ал осымен қатар, Оңтүстік Кореяның «Сад» зымыран қорғаныс жүйесін орнатуы түбек жағдайын тіпті де шиеленістіріп жіберді. Түбек мәселесі шиеленіс шегіне жеткенде, өткен жылдың 23 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға бағытталған санкцияны күшейтті.

Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/ Kim Jong Un) ел халқына жасаған жаңа жылдық жолдауында, өздерінің ядролық қаруларын алға тарта отырып, Оңтүстік Кореямен келіссөз үстеліне баруға дайын екенін білдірген еді. Осы арада Солтүстік Кореяның тосыннан позициясын өзгертуі, екі ел арасындағы тікелей байланыс желісінің қосылуы, Солтүстік Корея 2018 жылғы Қыстық олимпиадаға қатысатын болуы, екі Корея арасындағы келіссөздердің өтуінің бәрі де сарапшылардың ойна да кірмеген істер еді.

Соңғы жылдары Солтүстік Корея ядролық мәселесі АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония арасындағы ең үлкен қайшылықты тақырып болып келді. Қытай Солтүстік Кореяның ең негізгі арқа сүйер болғанымен, Корей түбегінің ядролық қарусыз болуын қолдап келді.

Жақында Дональд Трамп журналистерге берген сұқпатында: «Мен Ким Жоң Унмен жақсы  араласып кете аламын, мен өзгелермен тез тіл табысам. Бұл жағдай сіздерді таңғалдыратын шығар», – деген. Трамптың бұл сөзі расында әлемдік БАҚ-ты таңқалдырды.  Себебі, жазда Трамп КХДР басшысына «Зымыран адам» деген лақап ат тақса, өз кезегінде Ким Жоу Ун Трампты «Алжыған шал» деп атаған болатын.

Не себеп?

Солтүстік-Шығыс Азия шиеленісінің жақсаруының себебін көптеген зерттеушілер экономикалық қысымның нәтижесі деп қарайды. Соңғы санкция кезінде Солтүстік Кореяның импорт ететін мұнай өнімі 90 пайызға дейін қысқарған болатын. Ал, ұқсамаған пікірдің бірі Ұлыбритания арқылы Оңтүстік Кореяға қашып барған Солтүстік Кореяның бұрынғы сыртқы істерге жауапты жетекшісі Тай Йиоң Хаудың айтуынша, түбек қайшылығындағы тараптар Қытай алға тартқан «қос тарапты тоқтату» үндеуіне келісім берген. Десе де, бұның шындыққа қаншалықты жақын екені белгісіз.

“The Qazaq Times”