Тәуелсіз, танымал "The Wall Street Journal" басылымының журналистері Қытайда қазан айында өткен құрылтайдан кейін Шынжаңға сапарлады. Олар әлемдегі ең қатаң бақылаудағы осы бір автономиялы территорияның шынайы келбетін 12 күндік сапарында анық көрді. Сондай-ақ, адам құқығы тапталған 23 млн тұрғынның жағдайын әлемге паш етті. Журналистер Құмыл, Үрімжі, Қашқар, Ақсу, Хотан қатарлы ұйғырлар басым көп қоныстанған аймақтарда журналистік зерттеулер жасаған. Дегенмен, бұл аталған аймақтардан тыс қазақтар басым қоныстанған өңірлерде, айталық Шынжаңның солтүстігінде де қатаң бақылау жүзеге асырылуда. Төменде, «WSJ» басылымы журналистерінің сапар естелігін аударып беріп отырмыз.
Орта Азияда Қытайдың батыс шекарасына орналасқан Үрімжі қаласы - әлемдегі ең қатаң бақылауға алынған қалалардың бірі. Қытай үкіметі «бөлшектеуші күштерге» соққы беру үшін, Үрімжіні ең озық ғылым-техника құрал-жабдықтармен жабдықталған тәжірибе алаңына айналдырған. Әр-түрлі озық тексеру аппараттарымен бірге вокзалға, әрбір аулаға, қонақ үйлер мен сауда орталықтарына, банк секілді орындардағы кіреберістің бәріне биометрия құрылғылары орнатылған. Құқық қорғаушылардың бас-басына ұстаған арнайы аспаптары арқылы жүргіншілердің ұялы телефондарын және ондағы сақталған құжаттарды тексеретін болған. Жанар-жағармай бекетінде жүргізушілер жеке куәліктерін тексертуі және камераларға түсуі керек.
Үрімжі‑ Шынжаң Ұйғыр Автономиялы аймағының орталық қаласы. Шынжаң сынды ұйғырлар көп қоныстанған өңірде бөлшектеушілерге қарсы қолдан келер барлық мүмкіндіктер жасалған. Бақылаудың ең жаңа құрылғыларын сынақтан өткізетін алаң деуге болады. Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың мәліметіне қарағанда, Қытай үкіметі бұл бастамасын ел көлеміне жалпыластырмақ.
Жеміс-жидек саудасымен айналысатын Пархат Иминнің (Parhat Imin) айтуынша, сөйлесу ақысын төлеу үшін де жеке куәлігін пайдалануға мәжбүр. Алайда, соңғы кезде жеке куәлігімен төлеу кезінде төлем қабылданбайтын болған. Ол және әр реткі тексеру кезінде көптеген әурелерге жолығатынын айтқан. Ол бұл жағдайдың не үшін екенін анық білмейді, тек: «Мүмкін үкімет тарапынан бақылауға алынғандар тізіміне енген болармын, сондықтан менің жеке куәлігіммен сөйлесу ақысын тапсыруыма да бұғаттау қойылған болар»-, дейді.
2014 жылы Қытайдың көптеген жерлерінде жанкешті террорлық шабуылдар болды. Осыдан кейін, Қытай үкіметі бақылауды тіпті де күшейткен. Террорлық оқиғалардың туылуын Қытай билігі шетелдегі исламдық діни экстремистік ұйымдардың желіктіруі деп санайды. Қазір Қытай билігі қауіпсіздік күштеріне ең озық техникалармен жабдықтауда. Қауіпсіздік тексерулер ұйғырларға тіпті де қатаң жүргізілуде.
10 қазанда өткен әлемдік қауіпсіздік көрмесі кезінде «Гуаңжоу юнсуң» (CloudWalk Technology Co) технология компаниясының жоғары өкілдерінің бірі, Шынжаңдағы қауіпсіздік қызметкерлері 100 мың адамды бақылауға пайдаланған құрылғылар Қытайдың басқа провинцияларында 1 миллион адамды бақылауға жететінін айтты. Ал, бұл компания Шынжаңдағы биометриялық тексеру құрылғыларын өндірген. Дегенмен, Шынжаңның жергілікті билігі пайдаланып отырған бұл құрылғылар туралы мәлімет бермеді.
Қазан айында өткен ҚКП-ның құрылтайында Шынжаңнан барған өкілдер: «Қоғам орнықтылығы мен ұзақ уақыттық тыныштық – қазіргі Шынжаңның алға қойған басты мақсаты», – деген еді. Адам құқығын қорғау ұйымдарының пікірінше, Шынжаң жағдайынан Қытай үкіметінің болашақтағы бақылау жұмыстарының бағытын білуге болады деген пікірде. Қытайда қоғамдық бақылау қызметінде істейтін Жу Шың Удың (Zhu Shengwu): «Қоғамдық бақылаудан жинаған тәжірибелерін елдің шығыс аймақтарында жүзеге асыруға дайын. Сондықтан, қазіргі Шынжаң жағдайы Қытайдың болашағына да белгілі дәрежеде қатысы бар», – деген.
WSJ басылымының журналистері қазандағы Шынжаңға сапарлары кезінде ыңғайсыз әрі мәжбүр түрде бір қатар тексеру бекеттерінен өтуіне тура келді. Шиң-шиң шия (Xing Xing Xia/星星峡) деп аталатын байырғы Жібек жолындағы маңызды бекеттің бірі, әрі Шынжаңның шығыс шекарасында тексеру тіпті қатаң жүргізілуде. Бұл жерде қауіпсіздік қызметкерлері сырттан кірген барлық көліктерді тінтіп тексереді және жүргіншілердің лауазымы туралы анықтау алып барады.
Олар журналистерден Шынжаңға келу мақсатын түсіндіруді талап етті. Бұл қатарлы бекеттерде хан ұлтынан болмаған барлық жүргізушілер де электронды тексеру есіктерінен өтуі керек. Сапардың келесі нүктесі 500 мың халқы бар Құмыл қаласына кіре берісте тағы да осындай тексеруге тап болды. Ондағы қауіпсіздік қызметкерлері журналистерді айналасы толықтай бақылау камераларымен жабдықталған бөлмеге алып кіріп, паспорттары мен жеке куәлік нөмірлерін тіркеуге алған.
Аталған басылымның журналистері қалалар арасындағы жолдарда әр 250 метр сайын бақылау камерасына кездесіп отырған. Олар және журналистік зерттеу үшін барған ауылды жерлерден жергілікті үкімет қызметкерлері жағынан ескерту алып, кетуіне тура келіп отырған.
Уашингтон университетінің антропология зерттеушісі Даррен Билер (Darren Byler) екі жыл уақыт жұмсап Шынжаңның көші-қон мәселесін зерттеген. Оның Шынжаң жағдайы туралы: «Қазіргі кездегі Шынжаң Иордан өзенінің батыс жағалуы мен Газа секторына қатты ұқсайды. Израиль үкіметі палестиналықтарды осылай бақылап отыр», – деп бағалады.
Үрімжіде ұйғырлардың шоғыры қоныстанған «Ардаучяу» деп аталатын алып базары бар. Бұл арада аралықтары 200-300 метр шамасында «халықтық полиция бекеті» деп аталатын орындар бар. Бұл орындар жүргіншілерге сусын беру және ұялы телефондарын қуаттау сынды қызмет көрсетеді. Ал шын мәнісінде бұл «халықтық полиция бекетінің» басты міндеті - айналаны қабақ қақпай бақылауға алу.
Ал, шетелдерде қашып жүрген ұйғыр азаматтарының айтуынша, қауіпсіздік қызметкерлер ұйғыр жастарын осындай «полиция бекетіне» алып кіріп, ұялы телефондарын тексереді. Сондықтан олар екі телефон пайдалануға мәжбүр. Бірін қала ішінде осындай тексерулерге дайын болу үшін алып жүрсе, ал енді бірін үйде еркін пайдалануға істетеді.
Ар-дау-чяу – ұйғырлардың Үрімжідегі ең негізгі мәдениет және сауда орталығы. 2009 жылы 5 шілдеде болған ұлтаралық жанжалдар кезінде бұл арада көп адам қаза тапқан. Қазір, базар жанындағы мешіт және Халықаралық үлкен базар (International Grand Bazaar) да жабық күйде. Оған кіру үшін қат-қабат тексерістерден өтуге тура келеді.
Жоғарыда аталған Пархат Имин бұрын діни бұйымдар мен киім-кешектер сату дүкенін ашқан. 2009 жылғы қақтығыстан кейін құзырлы орындар оның дүкенін жауып тастаған. Наразылық білдірген Пархат Иминді қауіпсіздік күштері таяққа жыққан және үкімет қызметіне қарсылық көрсеткені үшін алты ай қамауға алған. Соның салдарынан айықпас сырқатқа да шалдыққан. Кейін де бірнеше рет қамауға алып, соның бірінде наша тұтынғаны үшін сегіз ай қамау жазасын берген.
Ұзақ жылдардан бері Шынжаңды қалай тиімді басқару мәселесі Қытайдың әр кезек билеушілерінің ең басты бас ауыртатын тақырыбына айналып келді. Қазір Шынжаңның халық саны 23 млн адамды құрайды. Жер көлемі 1 млн 665 шаршы шақырымға жуық. Қытайдың жолға қойған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бойында орналасқан. 2016 жылы тамыз айында Қытай басшысы Ши Жинпиң бұрынғы Тибет автономиясын басқарған Чын Чунгоны Шынжаңның Бірінші хатшысы етіп тағайындаған. Ол осыдан бұрын Тибет автономиясында «халықтық полиция бекеті» арқылы тибетті тыныштандырып, үкіметке қарсылықты басқан.
Қытай ресмилерінің сәуір айындағы жасаған мәліметіне қарағанда, 2017 жылы маусым айына дейін Шынжаңның қауіпсіздік саласына бөлінген қаржысы 1 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл сома 2015 жылы 27 млн доллар шамасында болған. Демек, Чын Чуангоның саясатынан кейін қауіпсіздік саласының бюджеті төрт есеге жуық өскен. Мемлекеттік сатып алу өнімдірінің көрсеткішіне қарағанда, миллиондаған қаражат тек жауынгерлік жаттығу алаңдарына бөлінген (Жауынгерлік жаттығу дегені қарулы күштерден тыс барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне бөлшектеуші күштердің шабуылына төтеп беру жөніндегі жаттығуларды айтып отыр - QT).
Ақын әрі киногер ұйғыр азаматы Тахир Хамуттың (Tahir Hamut) айтуынша, жергілікті қауіпсіздік тараулары маусым айынан бастап жеке паспорттары бар ұйғыр азаматтарын шақырта бастаған. Ол және 90 жылдарда Түркияға барып оқу мақсаттарында құжаттар тапсырғанын, алайда, құжаттары арасынан бөлшектеушілер туралы жазылған газет табылғаны үшін үш жыл қамауға алынғанын айтқан. Өткен жылы паспорты бар ұйғырлардың паспорттарын жинай бастағанда Тахир бір үкімет қызметкеріне 9 мың АҚШ доллары көлемінде пара беріп, паспортын бермей алып қалған және қызының ауруын емдету сылтауымен, АҚШ-қа қашып барып Вирджиния штатынан саяси баспана сұраған.
Мемлекеттік сатып алу құжаттарында көрсетілген мәліметтерге қарағанда, Қытайдағы телекоммуникацияның ең ірі алыбы China Telecom компаниясына қарасты Қытай байланыс қызметтері компаниясы өткен жылы үкіметпен құны 38 доллар келісімшартқа қол қойып, үкіметтің талабымен Шынжаңдағы барлық мешіттерге бақылау аппараттарын орнатқан.
Шямын қаласы Meiya Pico Information компаниясы Үрімжі қаласының қауіпсіздік тарауларымен бірлесе отырып, ұялы телефондарды тексеруге арналған арнайы құрылғыларды жасап шығарған. Аталған құрылғының пайдалану түсіндірмесі алынып тасталған. Компанияның Маркетинг бөлімінің жетекшісі Жаң Шуефың (Zhang Xuefeng) арнайы жасалған аппараттың смартфондардағы видеолар мен аудио жазбаларды бір сәтте тексеруге арналғанын айтқан.
Үрімжі қаласындағы Шынжаң Университетінің алдындағы қауіпсіздік қызметкерлері осы арадан өткен студенттер мен жүргіншілердің ұялы телефондарын тексеру кезінде, басылым журналистері бұның себебін сұрады. Алайда, олар оны түсіндіріп беруден бас тартқан.
Ли Чяң (Li Qiang) есімді хан ұлтының азаматы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол өзінің мұндай тексерістерден әбден шаршағанын, бұл әрекеттер тұрғындардың қалыпты өмірі мен сауда-саттығына кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан.
Қытай үкіметі Шынжаңда уақытша қамау изоляторларының да санын көбейтті. Оны ресми түрде «саяси үйрену орталығы» деп атайды. Өңірдегі ресми баслым «Шынжаң газетінің» мамыр айындағы хабарына қарағанда Оңтүстік Шынжаңдағы Хотан аймағының өзінде екі мыңнан астам адам «үйрену орталықтарында» болған.
Қытай мен Қырғызстан шекарасына жақын Қашқардан автокөлікпен жолға шыққан WSJ басылымының журналистері жарты сағаттан кейін салыну үстіндегі құрылысқа кездесті. Оның айналасы биік қабырғалармен қоршалған, ал оған үлкен әріптермен «Әр ұлт халқы бейне анар жемісіндей бір-бірімен жақын, бір-бірін қапсара құшақтайды» деп жазылған. Алайда, тұрғындардың айтуынша бұл «үйрену орталығы» деп аталатын уақытша қамау изоляторы болып шықты. Ондағы күзетшілер журналистерді бұл орынға жақындатпаған.
Хамуттың айтуынша, оның Қашқардағы бір туысы ислам дін бойынша өткен жиналысына қатысқаны үшін сотталған. Ал тағы бір туысы АҚШ-тағы туысқанына қоңырау шалғаннан кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Қашқардың жергілікті үкімет қызметкерлері журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартқан. Үрімжі қаласымен салыстырғанда Қашқардағы бақылау тіпті де қатаң. Қашқарда қытай ұлтының үлес салмағы 7 пайызға да жетпейді.
Ақсу аймағындағы тұрмыстық бұйымдар саудасымен айналысатын Жяң Чяңкунның айтуынша, мұндай сауда жасау үшін бірнеше мың АҚШ долларын шығындаған екен. Оған қоса тұрмыстық немесе ас пышақтарын сатып алушылардың да жеке куәлік нөмірі, суреті, ұлты сияқты мәліметтерді естелікке алып отыруына және оны қауіпсіздік қызметкерлеріне жеткізіп отыруына тура келген. Оның айтуынша, барлық пышақ бұйымдарына QR код басылған және оны сатып алған адамның барлық жеке мәліметтері осы кодқа тіркеледі. Мұндай пышақты сатып алу үшін міндетті түрде жеке куәлігіңізбен жүруіңіз керек дейді.
WSJ басылымының журналистері жасаған Шынжаң сапарының соңғы күні таңғы сағат 5-те әуежайға бара жатқан жолда, бір автокөлік соңдарына түскен. Қытайдың бас қаласы Бейжіңге жеткенше беліне бақылау аппаратын байлаған әуесеріктердің бірі журналистердің қимылын аңдумен болған. Алайда, Бейжіңге жеткеннен кейін ол журналистердің бұл айтқандарын мойындамаған. Әрі өзінің әрекеті олардың қызмет көрсетуінде қамтылған әрекеттер екенін алға тартқан. Ал, әуе компаниясы бұл қызметкер әуе полициясы, сапар кезіндегі амандыққа жауапты қызметкер деп түсіндірген.