Қытай билігі он мыңдаған ұйғыр және өзге де мұсылман азшылық өкілдерін әлемдік танымал брендтердің өндіріс орындарына күштеп жұмыс істетуде. Бұл туралы Аустралияның Саяси стратегия институтының зерттеу мәліметінде айтылды.
Аталған институт өз мәлімдемесінде, 2017-2019 жылдар арасында 80 мың шамасындағы ұйғыр және өзге де мұсылман азшылық өкілдерін Шынжаң Ұйғыр автономиялы аймағынан тыс жерлерде мәжбүрлі еңбекке тартылғаны туралы айтқан. Олар елдің әр аймақтарында өндіріс фабрикаларында күштеп жұмысқа жегілген.
Аустралиялық институт Қытайдың 9 провинциясында 27 ірі фабриканың 2017 жылдан бері Шынжаң жерінен барған мәжбүрлі еңбек күштерін пайдаланып келгенін анықтаған. Бұл фабрикалар 83 түрлі әлемдік танымал бренд өнімдерін өндіріп келеді. Бұл брендтердің қатарында Nike, Zara, Adidas, H&M, Uniqlo, Victoria's Secret, BMW және Land Rover, Lenovo, LG, Dell, ASUS, Acer, Samsung, Apple және басқалары да бар.
Әрине, Бейжің билігі бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Алайда, аталған институт Шынжаңдағы аз санды ұлт өкілдерін мәжбүрлі еңбекке тарту істерін Xinjiang Aid агенттігі арнайы жүзеге асырғанын ашық айтты. Сондай-ақ, зерттеу мәліметтеріне қарағанда мәжбүрлі еңбекке тартылғандар бұған көнбеске шарасы болмаған. Оларға түрлі қысымдар да жасалуы мүмкін деген де болжамдар айтылады. Әрі бұл жұмысшылар абақтыдағыдай шарт-жағдайда ұсталғаны туралы мәліметтер бар. Олар жатақханаларда тұрып, жұмыстан кейін арнайы тіл курстарына қатысады, «идеологиялық дайындық» сабақтарын алады. Оған қоса олардан түрлі сынақтар тапсырып, діни көзқарастарының қаншалықты өзгергені туралы мәліметтер беріп отырады.
Қытай үкіметі «саяси лагерлер» туралы түсініктер берген кезде оны «қайта дайындау» немесе «білім беру орталықтары» деп атаған. Бұл орталықтарда білім беру және мамандыққа үйрету, сондай-ақ, экстремистік пиғылдардан алыстату сабақтары жүргізілетінін айтқан. Ал, ШҰАР еңбек күштерінің мәжбүрлі еңбектерге тартылғаны туралы мәліметтерді де Бейжің билігі теріске шығарды. Ал, аустралиялық Саяси стратегия институты Қытай билігі шынжаңдық еңбек күштерін мәжбүрлі еңбекке тарту мұсылман азшылықтарын «тәрбиелеудің» бір жолы ретінде қарастырады деп мәлімдейді. Ал, танымал брендтердің иелері бұл туралы мәліметтерді анықтау үстінде.