Алмалардың тістелген немесе кесілген жерінде қарайып дақ қалатыны бәрімізге ұнамайды. Ал ондай қараймайтын алмаларды алайын десең, тағы қорқасың. Себебі, көпшіліктің пікірінше, олардың құрамында арнайы бір қоспалар бар және ондай жемістер денсаулыққа зиянын тигізеді.

Осыған байланысты, Канадалық Okanagan Speciality Fruits компаниясы гендік инженерлік жобалаумен қараймайтын алмаларды қалай өндіруге болатынын анықтаған. АҚШ-тың санитарлық қадағалау басқармасы (USDA) қараймайтын алмалардың сатылымына рұқсатын берді. Бұл туралы Naked-science хабарлайды.

Сіз бен біз алма, картоп және т.б. көптеген жеміс-жидектердің кесілген, тістелген жерінің қарайғанын бір мәрте ғана көрген жоқпыз. Оған басты себеп: «тотығу» деп аталатын химиялық процесс. Нәтижесінде, ферменттер мен еркін радикалдар жеміс молекуласының химиялық құрылымын өзгертеді де, пішіні де тартымсыз «тәбетіңді тартпайтын» күйге енеді.

Өндірушілер жаңа трансгенді алмаларды Arctic деп атады. Оның құрылымына ферменті бар жаңа генді енгізіп, соның арқасында ГМО-алмаларды сақтау мерзімі ұзарады және басқаларына қарағанда бағасы арзан болады деп жоспарланып отыр.

Канадалық мамандар, «бұл ГМО-алмалар «тотығуға» ұшырамайды және  үш аптаға дейін қараймайды» дейді. Қазірге дейін олар 85 мың жеміс ағашын өсірген, 2018 жылға қарай бұл алма ағаштарын 500 мыңға дейін жекізуді мақсат етіп отыр.

АҚШ-тың өзінде қараймайтын алмалар келесі айдан бастап нарыққа шығарылады.

"The Qazaq Times"