Түркияның Ресеймен S-400 әуе қорғаныс жүйесін енгізу туралы келісім-шарттарын жасасуы НАТО-ны қатты алаңдатты. Батыс елдерінің пікірінше, бұл шешім Ресейдің Орта-Шығыстағы ықпалын тіпті де күшейтіп, өңірдегі саяси басымдылығын арттырады деп қарайды.
Ресей жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын S-400 әуе қорғаныс жүйесінен бір жолда төртеуін Түркияға сатып бермек. Ал, оның қаражатын Түркия үкіметі 2020 жылдан бастап төлейтін болып келісті. Бұл саудада Ресейдің Түркияға жасаған жеңілдіктері аз емес. Түрік жұрты жалпы қаражаттың тек 45 пайызын ғана төлеп, қалған 55 пайызын Ресейдің Қаржы министрлігі ұсынған төмен өсімді несие арқылы өтейді.
Түрік президенті Режеп Тайып Ердоған бұл туралы: «S-400 жүйесін енгізу Түркияның қорғаныс жүйесіндегі дербес әрі маңызды шешімі саналады», – деген болатын.
АҚШ-тың «Defense NEWS» сайтының айтуынша, S-400 «Жеңіс» (Триумф/S-400 Anti-air missile) әуе қорғаныс жүйесі, бұрынғы S-300 негізінде дамытылған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі. Ол Ресей өндірген төртінші ұрпақ әуе қорғаныс жүйесіндегі ең озық құрылғысы саналады.
НАТО неден алаңдады?
Түркия аталмыш ұйымның құрамында бола тұра, ресейлік қорғаныс жүйесін енгізуі НАТО-ны алаңдатпай қоймайды. Өткен жылы Түркия үкіметі ресейлік қорғаныс жүйесіне қызығушылық білдіргеннен-ақ, НАТО құрамындағы көптеген елдер бірден қарсы тұрды. Оған қоса, қорғаныс техникасының қаражатын бөліп төлеу келісімі НАТО мүшелерінің күдігін арттырды.
Түркия мен Ресей арасындағы бұл сауда АҚШ тұрғысынан да дұрыс қабылданбады. Яғни, Түркия НАТО мүшелері пайдаланатын АҚШ өндірген әуе қорғаныс жүйесін істетуі керек деп қарайды. Бірақ, бұл талапқа Анкара билігінің жауабы дайын болды. Олар Түркияның стратегиялық қауіпсіздігіне қатер төндіргенде, НАТО-ға мүше елдердің лайықты деңгейде қолдау көрсетпегенін, оған қоса Түркияның қару-жарақ тасымалына шектеулер қойғанын алға тартты. Анкара тарабы өздерінің S-400 әуе қорғаныс жүйесін еріксіз талдауына тура келгенін айтады.
Ресей жөнінен айтқанда, Түркияның S-400 қорғаныс жүйесін сатып алуы, НАТО сынды әлеуетті ұйымның қорғанын тесіп кіргенмен бірдей болды. Тек бұл ғана емес, ресейлік қорғаныс жүйесінің Түркия территориясына орналасуы Ресейдің Сүриядағы әскери базасымен бірдей салмақта НАТО-ға қауіп төндіруі де мүмкін.
Түркия ғана емес, Сауд Арабиясы королінің Мәскеу сапары кезінде Ресей мен Сауд Арабиясы арасында көлемді қару-жарақ саудасы жасалды. Бұдан кейін Иранға да осы түрдегі қорғаныс жүйесін сатып беруге келісім берген. Осы қадамдардың барлығы Ресейдің Орта және Таяу-Шығыстағы ықпалын арттыратыны анық. Бұл әрине НАТО мүшелеріне жақсы жаңалық емес. Әрі, осыған дейін жалғасқан НАТО-Ресей шиеленісі тіпті де өрши түсуі мүмкін.
Алғыс Серікұлы