Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Токио сапарына» арналған баспасөз конференциясы өтті.
Конференция ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен өтіп отыр.
Баспасөз конференциясына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, жазушы-драматург, «Ақтастағы Ахико» драмасының авторы Мадина Омарова қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.
Басқосуда театр ұжымының 19-26 желтоқсан аралығында Токиода өтетін гастрольдік сапары жайлы сөз қозғалды. Іс-сапардың мақсаты – қазақ театрларының мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарымыз бен жәдігерлерімізді ұлықтап, әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде таныту.
Әкемтеатр ұжымы «Токио сапарында» репертуардағы М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» драмасын (реж.А.Маемиров) және «Ұлы дала елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламаны жапондықтардың назарына ұсынады. Сонымен бірге, театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме де ұйымдастырылады.