Қазақстанда қазан айындағы бензин тапшылығына байланысты қызметінен босатылған Әсет Мағауов "KAZENERGY" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлады компанияның ресми сайты.
"KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Құлыбаев Тимур Асқарұлының бұйрығымен Мағауов Әсет Маратұлы 2017 жылғы 4 желтоқсанда "KAZENERGY" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ бас директоры қызметіне тағайындалды", - делінген компанияның ресми сайтында жазылған хабарламада.
Әсет Мағауов 1994 жылы И.М. Губкин атындағы Москва мұнай-химия және газ өндірісі институтының ЖЭК саласындағы экономика және басқару факультетін аяқтады. Халықаралық Валюта Қорынан және Азия Даму Банкінен тағылымдамадан өткен. 2010 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы мұнай және газ вице-министрі, 2011-2012 жылдары – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры, 2012-2016 жылдары - KAZENERGY қауымдастығының бас директоры, 016-2017 жылдары – ҚР энергетика вице-министрі сынды лауазымды қызметтерін атқарған.
Айта кетейік, осы жылдың қазан айында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Қазақстандағы шенеуніктер өздеріне тапсырылған міндеттерді дұрыс атқармауы салдарынан бензин тапшылығы болғанын" айтып, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босатып, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевға сөгіс беруді ұсынған еді.