Қазақстандағы шенеуніктер өздеріне тапсырылған міндеттерді дұрыс атқармауы салдарынан бензин тапшылығы болды.  Бүгін ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында "жауапкершілік болуы керек" екенін айтып, ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босатты және Энергетика министрі Қанат Бозымбаевға сөгіс беруді ұсынды. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жетекшілері де жазасыз қалмайды. 

"Мен келесідей шешім қабылдаймын. Біріншіден, Үкімет мүшелеріне қатысты шешімді Президент қабылдайды. Мен бүгін Президентке Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялауды ұсынамын. Екіншіден, вице-министрлер жұмысы маған қатысты. Сондықтан Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босату туралы шешім шығарамын", - деді премьер.

Ал "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы бойынша Сағынтаев "Самұрық-Қазына" АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеевке "ҚМГ"АҚ  басқарма төрағасына сөгіс жариялау шараларын қабылдау және аталған компания басшысының орынбасары Данияр Берлібаевты "міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін" қызметінен босату шараларын қарастыру туралы тапсырма берді.

"Өмірзақ Естайұлы, қабылданған шаралар бойынша мені хабардар етіп отырыңыз", - деді Сағынтаев.

Бұдан бөлек, премьер-министр барлық басшылар өздеріне сеніп тапсырылған салалардың жағдайы бойынша толық жауапкершілікті мойындарына алатынын және қол астындағылардың түсініктемелерін қабылдамайтынын ескертті.

Айта кетейік, қазан айы басталғалы бері Қазақстанда мұнай өнімдерінің тапшылығына қатысты даулар көбейе бастады. Бір апта бұрын ғана бензин бағасы көтеріліп, қор жеткіліксіз екені айтылса, енді көмір тапшылығы да байқала бастады. Кейбір сарапшылар мұны манипуляциямен байланыстырып отыр.

“The Qazaq Times”