Бүгін Беларусь елінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков кездесті.
Қараша айының 30-ы күні Беларусь астансы Минск қаласында Ұжымдық қауіпсіздік келісімі саммиті аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков кездескен. Кездесу барысында қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайларға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз барлығымыз шекарадағы мәселелер неден туындағанын жақсы білеміз. Осыған байланысты екі ел үкіметі жасаған «жол картасы» бар. Біз оны қарап шықтық. Енді қос елдің жұмысшылар тобы аталмыш «жол картасын» талқылап, қол қоюы тиіс» - деген.
Ал өз кезегінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков: «Екі ел үкіметі «жол картасын» желтоқсан айында қайта қарап, толықтыруы тиіс. Сол кезде барлық проблема шешіледі. Барлық талаптар мен мәселелер белгіленген уақыт ішінде қаралып, шешілетін болады» - деген.
Естеріңізге салайық, қазақ-қырғыз шекарасындағы дау қазан айының 10-ы күні басталған. Сол күні Қазақстан тарапы шекара бақылауын күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшірген.