Жақын уақытта қазақ-қырғыз шекарасындағы дау шешілетін болады –деп мәлімдеді Қырғызстанның су жаңа президенті Сооронбой Жээнбеков.
Сооронбай Жээнбеков президент сайлауынан бері алғаш рет ресейлік РИА Нововсти ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы ортақ тарих, ортақ мәдениет, ортақ дін және бауырластық негізінде құрылған. Екі ел шекарасындағы қазіргі дау уақытша дүние. Бұл мәселені шешу үшін қос тарап бірнеше рет кездесулер өткізді. Алдағы уақытта қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы түсініспестік міндетті түрде шешілетініне мен сенімдімін» - деген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков Ташкент қаласында өткен ТМД елдері үкімет басышылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан билігін қатаң сынға алған. Ол онда Қазақстан тарапының шекараны негізсіз күшейткенін айтып, бұл мәселе шешілмесе алдағы уақытта Дүниежүзі сауда ұйымында аталмыш мәселені көтеретіндігін мәлімдеген болатын.