Атамбаев жиіркенішті түрде биліктен кетіп барады. Ал Жээнбеков жиіркенішті түрде билікке келуде – деп мәлімдеді қырғызстандық құқық қорғаушы Динара Ошурахунова.  

Өзінің Facebook парақшасында қырғызстандық құқық қорғаушы Динара Ошурахунова оппозициялық саясаткер Аида Салянованың інісі Ұлан Саляновтың өліміне қатысты пікір білдірді. Ол онда: «Осымен биліктің жалған әңгімесі аяқталуы тиіс. Оппозициялық депутат інісінің өлімінде саяси астардың бар екендігі анық. Милиция қанша жерден бұл істі басқа бағытта қарап жатса да, елге барлығы аян. Атамбаев биліктен жиіркенішті түрде кетіп барады. Ал Жээнбеков билікке жиіркенішті түрде келуде» - деген.

Естеріңізге салайық, қараша айының 5-нен 6-сына қараған түні Бішкек қаласының «Көк-Жар» ықшам ауданындағы Достоевский көшесінде тұратын оппозициялық саясаткер, «Ата Мекен» партиясының мүшесі, Жоғары Кеңес депутаты Аида Салянованың інісі Ұлан Саляновтың үйіне қарулы шабуыл жасалған болатын. Салдарынан үй иесі Ұлан Саляновқа екі жерден оқ тиіп, жергілікті ауруханалардың бірінде көз жұмған.

“The Qazaq Times”