Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне «Rothschild & Co» компаниясы кеңес береді.
Қараша айының 1-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Rothschild & Co» компаниясының басшылары Эрик де Ротшильд, Клаус Мангольд және Жованни Салветтимен кездесті. Кездесу барысында Назарбаев: « «Ротшильд» компаниясы – әлемдегі ертеден келе жатқан ірі қаржы институттардың бірі. Сіздердің жеке капитал салымшылармен жұмыс жөніндегі тәжірибелеріңіз мол. Бұл тәжірибе біздің еліміз үшін де маңызды. Сол себепті қазір Қазақстанның Ұлттық банкіне кеңес беріп отырсыздар» - деген.
Өз кезегінде «Rothschild & Co» компаниясының басшысы Эрик де Ротшильд Нұрсұлтан Назарбаевқа өзімен кездесуге мүмкіндік бергеніне рахмет айтып, «Бұл – менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Соңғы екі күндегі әсерлерім өте жақсы. Сіздің арқаңызда болашақта еліңіз жоғары қарқынмен дамитын болады. Қазақстан географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан. Ол Азия мен Еуропа арасындағы көпір болып саналады. Сіздің экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіпті дамытуға және шикізаттық экономикадан бас тартуға жетелеген үрдістерді айқындай алған көреген қадамыңыз мені тәнті етті» - деген.
Родшильд әулетінің банк саласындағы тарихы XVIIІ ғасырдан бастау алады. 1816 жылы Австрия императоры Франц ІІ Родшильдтерге барон атағын берген. 1744-1812 жылдары өмір сүрген Майер Амшель Родшильд алғаш рет Франкфурт қаласында «Франкфурте-де-Майне» банкін ашқан. Кейінен оның жұмысын Париж, Лондон, Вена және Франкфурт қалаларында Амшель Майер, Соломон Майер, Натан Майер, Калман Майер және Жеймс Майер есімді бес ұлы жалғастырған. Қазіргі таңда Натан Майерден тараған Родшильд ұрпақтары Ұлыбританияда, ал Жеймс Майерден тараған Родшильдтер Францияда әулет ісін жалғастыруда. Ал Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Эрик де Родшильдке келетін болсақ, ол 1940 жылы 3 қазан күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Эрик франциялық Родшильдтардан тараған меценат, барон және бизнесмен.